Отырар: Тұқымбақтардың жұмысы жанданып келеді

Oinet.kz 14-11-2025 6

_gluster_2024_4_24_e92224cfc20bdfe27d00c2ac12915afd_original.628417.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылға дейін елімізде 2 миллиард ағаш отырғызу туралы тапсырма берген. Бүгінгі күні Отырар ауданында 26500-ға жуық ағаш көшеттері отырғызылған.

Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөз бар. Бүгінде отырғызылған ағаштар жылдар өте келе халыққа сая, пана болуы керек. Оған қажетті көшеттер аудандағы тұқымбақтарда өсірілуде. Ол тұқымбақ жұмысымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Сейітқұл Қыдырбай арнайы барып танысты. Яғни, аудан аумағында жүргізіліп жатқан күзгі көгалдандыру және көшет өндіру жұмыстарын бақылау мақсатында Шәуілдір–Темір бағытында орналасқан тұқымбақта мыңдаған көшет күтіп бапталуда. Бұл сапар барысында ол тұқымбақтың ағымдағы жағдайымен танысып, жауапты «Отырар-2050» мекемесінің өкілдерімен кездесті.

Қазіргі уақытта аталған аумақтағы 3 гектар тұқымбақ жерін толық қоршау жұмыстары жүргізілуде. Сейітқұл Қыдырбай аудан бойынша күзгі көшет отырғызу науқанының маңыздылығына тоқталып, тұқымбақтың болашақта жасыл көшеттермен тұрақты қамтамасыз етуде үлкен рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ, көгалдандыру жұмыстарының жүйелі жүргізілуі аудандағы экологиялық ахуалды жақсартуға, жасыл желек көлемін арттыруға және келер көктемгі отырғызу маусымына сапалы көшет қорын дайындауға мүмкіндік беретінін жеткізді. Аудан басшылығы көшет отырғызу, суару және тұқым өсіру жұмыстарының барлық кезеңін бақылауда ұстап, есептілікті жүйелі түрде қарап отыратынын айтты.

Кешегі күні Отырар ауданында жаппай күзгі көшет отырғызу жұмыстары ұйымдастырылған. Темір елді мекенінде өткен игі іс-шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Сейітқұлы Қыдырбай ауыл тұрғындарымен бірге қатысып, бірлесе ағаш отырғызды. Қоғамдық іс-шара барысында 3800 түп көшет орналастырылды. Атап айтқанда, 500 қара ағаш, 1350 жейде, 1800 үйеңкі және 150 шаған көшеті белгіленген учаскелерге отырғызылып, күтімге алынды.  

Жалпы аудан бойынша 2025 жылдың күзгі маусымында барлығы 27500 түп көшет отырғызу жоспарланса, бүгінгі таңда 26500-түп көшет егілген. Көшет егу жұмыстары аудан орталығынан бөлек барлық ауыл округтерінде ұйымдастырылып, тұрғындар белсенділік танытты. Бұл игі бастама табиғатты қорғау, жасыл белдеуді ұлғайту және болашақ ұрпаққа экологиялық таза орта қалыптастыруға бағытталған.

Қатысушылар ауданның көркеюіне өз үлестерін қосып, экологиялық мәдениеттің дамуына ықпал етті. Іс-шара барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Сейітқұлы Қыдырбай айналаны тазалау, ағаштарды бұтап, түбін әктеу және көшеттер отырғызу үрдісін жылда жүзеге асырып, жұмыстар нақты мерзімде, дұрыс жүргізілуі тиіс екенін айтты. Киелі ауданды көріктендіру мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта осындай игі жұмыстар үнемі жалғасып, аймақтың экологиялық ахуалын жақсарта түсу үшін, бұдан да ауқымды кешенді жобалар жүзеге асатын болады.

Бүгін экологиялық мәдениетті дамытуға және табиғатты көркейтуге бағытталған кең ауқымды ағаш отырғызу акциясы аудан орталығымен қатар барлық ауыл округтерінде жалғасын тауып, тұрғындардың белсенді қатысуымен жүзеге асырылды. Нәтижесінде, Темірлан ауылынан бөлек елді мекендер аумағында жалпы 8420 түп жас тал отырғызылды. Сонымен қатар, Темірлан Абаттандыру мекемесі де өз аумағында белсенділігін көрсетіп, 130 түп туя, 11 қызыл каштан және 8 Сирия ротасы, барлығы 151 түп қосымша ағаш көшеттерін екті. Әрбір қатысушы акцияға үлкен жауапкершілікпен қарап, туған жердің экологиялық келбетін жақсартуға өз үлесін қосты. Айта кетейік, егілген ағаштардың барлығы аудан аумағындағы тұқымбақтарда өсірілген, жергілікті топырақ пен климатқа бейімделген көшеттер.

Арыс қаласы: Үш мектептің мәселесі «Келешек мектебі» жобасы аясында шешімін тапты
Түлкібас: Атқарылған құрылыс нысандарының жұмысына жақсы баға беріліп отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу