Ордабасы: Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланды

Oinet.kz 17-11-2025 6

Screenshot_2.jpg

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен өткен жиында салалық бөлімдер мен ауыл округтерінің есептері тыңдалып, алдағы  міндеттер нақтыланды. Жиында алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қаралып, аудан басшысы барлық негізгі индикаторлар мен бюджет және кіріс жоспарының орындалуына ерекше назар аударды.

Алдағы жылы Ордабасы ауданында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында ауқымды жоба жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, «ASIA ENERGY Co» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қуаттылығы 50 мегаватты құрайтын күн электр станциясын салу жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру мақсатында аудан әкімі Азат Оралбаев және Қытай Халық Республикасының инвесторы Чен Жянфенг арасында екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

Бұл құжат – тараптар арасындағы іскерлік байланыстарды, жобаға қажетті қолдаулар мен инфрақұрылымдық міндеттемелерді айқындайды. Алдағы уақытта инвестор тарапынан техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, инженерлік іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, инфрақұрылым тарту, электр желілеріне қосу, жерді дайындау сияқты ұйымдастыру шаралары кезең-кезеңімен атқарылмақ. Күн электр станциясының жобасы – ауданның энергетикалық әлеуетін арттырып, энергия көздерін дамытуғы тың серпін бермек.

Сондай-ақ ауданда жылыжай желісі дамып келеді. Мәселен, Шұбарсу елді мекеніндегі «Алан-Нұр» жылыжай кешенінің төрағасы Нұрлан Әлімханов аумақтың аграрлық әлеуетіне елеулі үлес қосып отыр. Кәсіпкер жылыжай ісін 2017 жылы бастаған. Алғашқыда бір гектар аумақтан өнім алған. Шаруасын жыл сайын кеңейтіп, 2025 жылға қарай жер көлемі 4 гектарға жетіп, ірі өндірістік жылыжайға айналған. Осы орайда, шаруа «Ауыл аманаты» жобасы аясында 29,8 миллион теңге көлемінде қолдау алып, жылыжайды дамытқан. Нәтижесінде заманауи технологиямен жабдықталған тұрақты өндіріс орны құрылған.

Жылыжайда негізінен қияр мен қызанақ өсіріледі. Заманауи тамшылатып суару технологиясы еңбек өнімділігін арттырып, бір гектардан 90 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндік береді. Жалпы 4 гектардан жыл сайын 360 тоннаға жуық сапалы көкөніс нарыққа шығарылады. Өндіріс көлемінің артуы жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашып, жылыжайда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жиында табиғи газ құбырын тарту барысы да талқыланды. Аудан басшысы әр мердігер мекемеден өз бағыттары бойынша атқарылған жұмыс көлемі, орындалу қарқыны және қалған учаскелердегі жоспарлы міндеттемелер жөнінде есеп алып, нақты мәліметтермен танысты. Сонымен қатар газ желісін әрбір абонентке қосу бойынша атқарылып жатқан шаралар, жұмыс барысындағы мердігердің жұмысы талқыланды. Бұл мәселе бойынша аудан әкімі газ желісі тартылған ауылдарда тұрғындардың толық қосылуы – басым міндет екенін атап өтті. Жауапты сала қызметкерлері мен мердігерлерге үйді-үйге табиғи газ қосу жұмыстарын жеделдету, тұрғындарға құжат рәсімдеу кезінде барынша қолдау көрсету және өзара бірлесіп, үйлесімді жұмыс жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.

Сонымен қатар, бұған дейін берілген ұсыныс-пікірлердің орындалуы бойынша есептер тыңдалды. Жауапты бөлімдерге шешімін таппай тұрған мәселелерді жеделдетіп аяқтау тапсырылды. Күн тәртібіндегі келесі мәселе – электр жүйесінің қазіргі жағдайы. Бұл тұрғыда әр ауылдағы электр мәселелері жеке-жеке талқыланды. Аудан әкімі тұтынушыларға сапалы әрі үздіксіз электр қуатын жеткізу – жауапты мекеме мен сала басшыларының тікелей міндеті екенін атап өтіп, ағымдағы жұмыстарды тиімді жүргізіп, ақауларды жедел қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұдан кейін күзгі тал егу жұмыстары жан-жақты сараланды. Аудан әкімі әр түп ағаштың сапалы отырғызылуын, суарылуын және күтімі бақылауда болу керектігін атап өтіп, ауыл округтеріндегі нақты егу көрсеткіштері бойынша есеп алды. Әрбір бөлім басшысына жоспарлы көрсеткіштерді уақытылы әрі сапалы орындау қажеттігін ескертті.

Қосымша ретінде күн тәртібінен түспейтін әскерге шақыру науқаны, қоғамдық ахуал, тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін салалардағы тәртіп пен жауапкершілік деңгейі қаралды. Аудан басшысы барлық бөлім мен сала жетекшілерінен әр жұмысқа мұқият, жауапты қарауды талап етті.

Түркістанда экологиялық және экономикалық орта қалыптасуда
Түлкібас: Инфрақұрылым саласында біраз жұмыс атқарылған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу