Ордабасы: Бөржар ауылдық округінің бюджеті 209,8 миллион теңге жетті

Ордабасы ауданы әкімінің халық алдындағы кездесуі Бадам және Бөржар ауыл округтерінде өті. Аудан әкімі Азат Оралбаев ол кездесуде алдымен 2025 жылдың 9 айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталып, ауқымды баяндама жасады. Сондай-ақ ол өз баяндамасында кезекте кездесу өтіп отырған ауыл округтеріндегі атқарылған жұмыстар мен көрсеткіштерге тоқталды.
– Президентіміздің халыққа арнаған Жолдауында тапсырылған міндеттер біздің ауданда да жоспарға сәйкес кезең кезеңмен орындалуда. Бүгінгі күні аудан көлемінде инфрақұрылым мәселесі оң шешімін тауып, елдімекендер таза ауыз сумен, көгілдір отынмен, жайлы жолмен, көше жарығымен, сондай-ақ әлеуметтік нысандар, медициналық пункттермен және спорт алаңдарымен қамтылған. Ал сіздердің ауылдағы жұмыстарды атқару үшін, Бадам ауыл округінің биылғы бюджеті 209,8 миллион теңге көлемінде бекітіліп, өзіндік кірістер айтарлықтай артқан, сол арқылы жергілікті жобалар – көше жарығы, абаттандыру, ойын және спорт алаңшалары қаржыландырылуда. Бадам округінде өткен жылы көтерілген 9 мәселенің 2-сі толық шешіліп, 7 бағыт бойынша жұмыс жалғасуда. Көше жарығы, балалар ойын алаңшасы, ардагерлер үйі, ағынсу, электр желілері, трансформаторлар, сергек камералар, таза ауызсу, газ, жол жөндеу, абаттандыру бойынша 29 жоба іске асырылуда. 58 гектар алқапқа тамшылатып суару жүйесі енгізілді, жылыжайлар субсидия алуда, – деп атап өтті аудан басшысы.
Ал Бөржар округінде бюджет түсімі ұлғайып, 121,9 миллион теңгені құрап, инвестициялар ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға жұмсалуда. Мұнда 8 ұсыныстың 2-сі шешіліп, абаттандыру, жол жөндеу, таза ауызсу, электр желілері, спорт және балалар алаңдары, ағын су жүйелері бойынша 6-ұсыныс кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар жиын барысында тұрғындардың ұсыныс өтініштері айтылды. Яғни тұрғындар көтерген стадионды қоршау, көгалдандыру, жол мен көше жарығы, ойын алаңдары, электр желілері, бағаналар, жол кедергілері, көшеге ат қою, әлеуметтік көмек, мәдениет саласы, ағын су каналдары, спорт кешендері жөніндегі сұрақтары қаралып, аумақ әкімдігі мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Жиын соңында аудан басшысы кейбір мәселелер тұрғындармен бірлесе шешілетінін атап өтіп, тұрғындарды жеке қабылдады.
Бөржар ауыл округінің тұрғындарымен өткен кездесуден кейін Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Ұялыжар ауылындағы Т.Кемелбеков және Сәтбай Болыс көшелерінде жүргізіліп жатқан аяқжол салу жұмыстарының барысымен танысты. Мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын мерзімінде тапсыру міндеттелді. Сондай-ақ аудан басшысы жауапты қызметкерлерге тұрғындармен кездесулер барысында көтерілген өзекті мәселелерді, әсіресе инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жоспарлардың сапалы және мерзімінде орындалуының маңыздылығын атап өтіп, жұмыстарды тұрақты түрде қадағалауды тапсырды.


