Сайрам: Жобалардың аясында атқарылған жұмыс игілігін ел көруде

Oinet.kz 20-11-2025 2

Screenshot_2.jpg

Сайрам ауданына тартылған инвестициялық жобалар елді мекендердің дамуына, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдардың жаңғыруына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң септігін тигізуде. Аудан әкімі Мадияр Оразалиевтың айтуынша, ауданда ендігі кезекте жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда алдымызға қойып отырған тапсырмасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру. Алдағы уақытта жалпы құны 2,5 миллиард теңгеден асатын жоба аясында Қайнарбұлақ ауылдық округінде заманауи көпфункционалды қойма кешені салу жоспарлануда. Кешен құрамында қойма алаңдары, өндіріс цехтары, көлік сервисі, кафе, қонақ үй және 3 гектарлық тир-парк болады, – дейді аудан әкімі Мадияр Оразалиев.

Атап өтерлігі жуырда аудан әкімі «TorSel Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Ахмет Орушұлымен кездесіп, жобаның мақсаты мен құрылымын бірлесе отырып талқылап ортақ келісімге келген болатын. Аталған инвестициялық жоба жүзеге асса 100-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ, газобетон және пластик өндіріс цехтары жолға қойылып, заман талабына сай көлік жөндеу орталығы бой көтереді. Жобаның құрылысы 2026 жылы басталады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ ауданда 4 мыңнан аса электр бағаналары жаңартылған. Аудан әкімінің сөзінше, бүгінгі күні Сайрам ауданына қарасты барлық елді мекендер электр қуатымен қамтылған. Дегенмен, аймақта электр желілері мен бағаналарының тозу көрсеткіші 40 пайз. Осы орайда аудандағы елді мекендерді электр қуатымен қамту және желілерді жаңарту мақсатында 9 нысан бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, Қарамұрт, Көлкент, Қарабұлақ, Низамабад, Қожақорған, Нұржанқорған елді мекендері аумағындағы электр желілерінің құрылысы биыл толық аяқталды. Нәтижесінде, 2663 тұрғын үй сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтылды. Құрылыс жұмыстары кезінде 37 трансформатор орнатылып, 117,8 шақырым электр желісі тартылған. Сондай-ақ, 4160 дана электр бағаналары жаңадан орнатылған.

Тағы бір атап өтуге тұрарлық мәселе, жоғарыда аталған елді мекендер ішіндегі Қарамұрт ауылында жүзеге асқан әлеуметтік жоба. Яғни, мемлекет қолдауымен Қарамұрт ауылында жаңа жедел жәрдем бекеті ашылды. Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңір халқының шұғыл медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру, қызмет сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Сол бастамалардың нақты көрінісі – жуырда есігін айқара ашқан жаңа жедел жәрдем бекеті. Оның ашылу рәсіміне облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев, жедел жәрдем бекетінің қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысқан болатын. Аталған нысанға үнемделген қаржы есебінен күрделі жөндеу жүргізілген еді. 17 мыңнан астам тұрғыны бар Қарамұрт ауылына енді тәулігіне 24 сағат қызмет көрсететін 2 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Сонымен қатар  ауылға су жаңа 2 жедел жәрдем көлігі табысталды.

Нысанның құрылыс жұмысы осы жылдың тамыз айында басталып бүгінде пайдалануға берілген бекетте қазіргі таңда 36 қызметкер жұмыс істейді. Ашылу барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ауыл халқына жылы лебізін білдірді. «Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгін заман талабына сай жедел жәрдем бекеті ашылып отыр. Сондай-ақ шұғыл қызметтің тиімділігін күшейту үшін жаңа жедел жәрдем көліктері де берілді. Сіздерге қолайлы және жедел қызмет ету – біздің басты мақсатымыз. Ең бастысы – халықтың саулығы мен амандығы», – деді Асхан Жанұзақұлы. Ал Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев, «Бұл жаңа бекет – шұғыл медициналық көмектің жеделдігі мен сапасын арттыруға, фельдшерлердің жұмыс жағдайын жақсартуға зор мүмкіндік береді. Нысан құрылысы аяқталған соң тұрғындардың өздері бірігіп аумағын асфальттағаны – ауылдың бірлігі мен ынтымағының белгісі. Ауызбіршіліктеріңіз нығая берсін! Баршаңызға денсаулық, амандық тілеймін», – деді ол.

Сарыағаш: Атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беруде
Ордабасы: Төрткүл және Қарақұм ауылдық округтерінде бюджеттің өзіндік кірісі артып отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу