Ордабасы: Жеңіс пен Бөген ауылдық округтерінің су арналары жөндеуден өткізілуде

Oinet.kz 25-11-2025 5

_gluster_2025_11_24_9bca95129c8457c85162a49b835ccfd9_1280x720.jpg

Ордабасы ауданына қарасты Жеңіс пен Бөген ауылдық округтерінде де атқарылған жұмыс көп. Қос округ тұрғындарымен болған кездесуде аудан әкімі Азат Оралбаев ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, атқарылған жұмыстарды рет-ретімен таныстырды.

Аудан әкімінің айтуынша, Жеңіс ауыл округінде 2025 жылға бекітілген бюджеті 70 миллион 835 мың теңгені, ал өзіндік кірістері 35 миллион 082 мың теңгені құраған. Жыл басынан бері тұрғындар тарапынан көтерілген 4 мәселенің 3-і шешімін тапса, 1 ұсыныс бақылауда қалдырылған. Мұнда көтерілген ең өзекті мәселенің бірі – суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету. Осы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселені шешу мақсатында округтегі «Р-6» каналының 7 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 270 миллион теңгені құрайды. Бұл жұмысты «СМУ-17» жауапкершіліг шектеулі серіктестігі жүргізуде. Серіктестік каналдық құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап тапсыруды жоспарлап отыр. Бұған дейін, 2022 жылы каналдың 3 шақырымы бетондалған болатын. Жеңіс ауылдық округі аумағында жалпы 3859 гектар суармалы алқапты қамтамасыз ететін 5 канал бар, оның 17,3 шақырымы механикалық тазартудан өткізілген. Ал ағын суды үнемдейтін технологияларды енгізу бойынша биыл округте 650 гектарға тамшылатып суғару жүйесі енгізілген.

Сонымен қатар, Дихан ауылына жаңа ойын алаңшасы салынып, көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілсе, табиғи газбен қамту бағытында архитектуралық құжаттарды әзірлеу үшін газ құбырларына мемлекеттік акт рәсімделген. «Таза су» мекемесі сапалы ауызсу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын толық аяқтаған. Бұдан бөлек, «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестициялық бағдарлама аясында 3,5 шақырым электр желісіне жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, трансформаторлар толық ауыстырылған.  

Аудан әкімі Азат Оралбаев Бөген ауылдық округінде бе биыл біраз жобаның жүзеге асырылғанын айтты. Алдымен мұндағы округ бюджеті 79 миллион 548 мың теңгені, ал өзіндік кірістері 19 миллион 530 мың теңгені құраған. Ауыл тұрғындары тарапынан бұған дейінгі кездесуде 4 мәселе көтерілсе, бүгінгі күні оның 2-еуі шешімін тапқан. Қалғаны қаралу үстінде. Округтегі суармалы 4363 гектар алқапты ағын сумен қамтамасыз ететін 7 каналдың екеуіне – Р-1 және ЛБК каналдарына – жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткен. ЛБК каналының 4,2 шақырымы механикалық тазартудан өткізілген. Тамшылатып суару технологиясы Бөген ауылында 20 гектар алқапқа енгізілген.

Кездесу барысында қос округтің тұрғындары денсаулық сақтау, көше жарығы, жолдарды асфальттау, мәдениет үйінің қоршауын салу және жайылым тапшылығы мәселелерін шешу жайын сөз етті. Аудан әкімі аталған бағыттар бойынша ауылдық округ әкімдігіне және жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Ал жиын соңында Азат Оралбаев қоғамдық жауапкершіліктің маңызын тоқталып, қоршаған ортаны таза ұстау, ауыл аумағын көгалдандыру және ортақ іске үлес қосу әр тұрғынның азаматтық міндеті екенін жеткізді.

Ордабасы: Төрткүл және Қарақұм ауылдық округтерінде бюджеттің өзіндік кірісі артып отыр
Ордабасы: «Ауыл аманаты» жобасы кәсіп ашуда жастарға таптырмас мүмкіндік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу