Сауран: Ауданның дамуы тұрғындардың өмір сапасын жақсартумен тікелей байланысты

Oinet.kz 29-11-2025 9

photo_5379900817387153989_y.jpg

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен жиында аудан экономикасын ілгерілететін бірнеше мәселе қаралып, талқыланды. Соның біріншісі, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымның қауіпсіздігі мен заң талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету.  Жиында табиғи газ, электр және таза ауыз су жүйелеріне қатысты өзекті мәселелер қаралып, нақты тапсырмалар берілді.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалына тіркелген 220 нысан бойынша жетіспейтін құқық белгілеуші құжаттарды толықтыру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ 2022-2024 жылдары құрылысы аяқталған 180 газ нысанын аталған мекеменің теңгеріміне өткізу жұмыстарының жеделдетілуі тапсырылды. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес ауылдық округтердегі электр желілері, электр бағаналары мен трансформаторларды «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің теңгеріміне өткізу мәселесі де кеңейтілген түрде қаралды. Қазіргі таңда бірқатар округтерде тиісті техникалық құжаттардың дайындалуы, желілердің жағдайын анықтау және балансқа қабылдау тәртібін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әкім бұл бағыттағы кідірістерді жоюды және жауапты мамандарға нақты мерзім қоюды міндеттеді.

Сонымен қатар таза ауыз су жүйесіне қатысты мәселелер де назардан тыс қалмады. Аудандағы су ұңғымаларын заңдастыру, техникалық паспорттарын рәсімдеу, тиісті мекеменің теңгеріміне өткізу және оларды мемлекеттік талаптарға сәйкестендіру барысы егжей-тегжейлі талқыланды. Жауапты бөлімдерге су нысандарын жүйелі түгендеп, заңдастыру жұмыстарын тездету тапсырылды. Бұл мәселе бойынша, аудан әкімі барлық инженерлік инфрақұрылым нысандарын заңдастыру, техникалық құжаттарын реттеу және тиісті мекемелердің балансына өткізу – тұрғындардың қауіпсіздігі, үздіксіз қызмет алу және коммуналдық жүйелердің сенімділігі үшін аса маңызды екенін атап өтті. Сонымен бірге сала мамандарына жұмыстарды қатаң бақылауда ұстап, әр нысан бойынша күнделікті мониторинг жүргізуді міндеттеді.

Күн тәртібі бойынша екінші қаралған мәселе жер қойнауын пайдаланушылардың іс әрекеті. Аудан әкімі соңғы жылдары жер қойнауын пайдалану мен қазба жұмыстарының қоршаған ортаға тигізуі мүмкін кері әсеріне байланысты тұрғындар арасында түрлі пікірлер туындап, әлеуметтік мазасыздық күшейгенін атап өтті. Осыған байланысты кәсіпкерлердің құқықтарын қорғап, тұрғындар пікірін ескеріп, заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу қажеттігін айтты. Әкім бұл бағытта аудан әкімдігінің жүйелі жұмыстары жалғасатынын жеткізді. Басқосуда аудан аумағында келісімшарт пен лицензия талаптарының орындалуына қатысты жүргізіліп жатқан тексеру және зерделеу жұмыстары туралы мәлімет берілді. Бұл бағыттағы жағдаймен аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Шакиров Сұлтанғали таныстырып өтті. Ол жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкерлермен ашық форматта кездесу өткізіліп, ескерту берілгенін жеткізді.

Бұдан бөлек, жиында ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, білім беру саласындағы профилактикалық жұмыс, этносаралық қатынастарды нығайту және құрылыс бағытындағы жаңа жобалар талқыланды. Жиын барысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров барлық бөлімдердің жұмысын нақты нәтижелерге бағыттаудың маңыздылығын атап өтті.

– Ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз ету – бәріміздің ортақ міндетіміз. Әр бөлім басшысы өз саласына жауапкершілікпен қарап, тұрғындар алдындағы міндеттерді сапалы орындауы қажет. Бюджет игерілуі, балалар қауіпсіздігі, қоғамдық келісім және құрылыс сапасы – күнделікті бақылауда болатын негізгі бағыттар, – деді аудан әкімі.

Экономика және қаржы бөлімі 2025 жылдың 9 айында аудандық бюджеттің орындалуы жөнінде баяндама жасап, келесі жылға арналған жоспарларымен бөлісті. Аудан әкімі бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын ерекше назарда ұстауды тапсырды. Білім бөлімі оқушылар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырып, мектеп психологтарының қызметін күшейту, ата-аналармен байланыс және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды баяндады. Әкім бұл мәселенің маңызын атап өтіп, профилактиканы үздіксіз жүргізуді міндеттеді. Ішкі саясат бөлімінің есебінде этносаралық татулықты нығайту, қоғамдық ұйымдармен жұмыс және ақпараттық-түсіндіру шаралары айтылды. Құрылыс бөлімі аудан аумағында салынып жатқан нысандардың барысы мен жаңа жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде баяндап, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша алдағы қадамдарды ұсынды.

Жиын қорытындысында аудан әкімі барлық бөлімдерге нақты тапсырмалар беріп, жауапты сала басшыларына жұмыстарды жүйелі жүргізуді және кестелердің сақталуын қатаң бақылауды тапсырды. Мақсат Таңғатаров ауданның дамуы тұрғындардың өмір сапасын жақсартумен тікелей байланысты екенін атап өтіп, әрбір жоба мен бастаманың уақытында әрі сапалы орындалуы тиіс екенін айтты.

Түлкібас: Инфрақұрылым жақсарып, көшелер жарығы жаңарды
Түркістан қаласында алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар таныстырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу