Инвесторлармен кездесті

Қытай мен Еуропа арасында тасымалданатын жүктің 85 пайызы Түркістан облысынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі арқылы тасымалданады. Бұл дәліз әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров
«Turkistan investment and tourism forum – 2025» халықаралық инвестициялық форумында 20-дан аса шетелдік инвесторлармен кездесті. Онда облыс әкімі Түркістан өңірінің инвестициялық әлеуеті мен ұсынылатын мүмкіндіктер туралы баяндады. Шақыртуды қабыл алып, Түркістан облысына арнайы келген инвесторларға алғысын білдірді.
Сондай-ақ Нұралхан Көшеров инвесторлар үшін Түркістан облысында қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, өңірде жалпы аумағы 2397 гектарды қамтитын индустриалды аймақтар мен 4 414 гектар аумақта орналасқан «Turan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейтінін айтты. Бұл алаңдарда дайын инфрақұрылым, салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылатынын, сонымен қатар жаңа жобаларды жедел бастау үшін шағын өнеркәсіптік парктер салынып жатқанын жеткізді.
– Түркістан – еліміздегі халық тығыз орналасқан облыс. Өңірде еңбекке қабілетті жастағы тұрғындар үлесі 33,7 пайыз деңгейінде, бұл Түркістан облысының кадрлық әлеуетін күшейтіп, инвесторлар үшін тұрақты еңбек ресурстарын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Қытайдағы Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистикалық терминалы және Сианьдағы құрғақ порт сияқты бірлескен жобалар біздің транзиттік әлеуетімізді одан әрі нығайта түседі. Қазіргі уақытта облыста инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін ұсынатын индустриалды аймақтар және дайын ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалдау немесе сатып алу құқығымен берілетін шағын өнеркәсіптік парктер бар. Арнайы экономикалық аймақта да инвесторларға мүмкіндік мол. Түркістан облысында инвестициялық ахуал өте жақсы. Маңызды жобаларды сүйемелдеп, толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Мақсатымыз – өндіріс орындарын көбейту, – деді Нұралхан Көшеров.
Жалпы облысқа инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Жалпы өңірде 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінде 34 инвестжоба іске қосылып, 4889 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар биыл 10 айдың қорытындысымен облыстың капиталына 1178,4 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Облысқа 2025 жылға 475 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 миллион АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалған.
Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хань Чуньлиньмен ресми кездесу өткізді. Тараптар екіжақты экономикалық, инвестициялық және өңіраралық серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында облыс әкімі елшінің өңірге сапары Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге маңызды үлес қосатынын атап өтті. Сондай-ақ ол мемлекет басшылары 2025 жылғы қыркүйектегі кездесуінде жариялаған «Жаңа алтын 30 жылдық» бастамасы өңірлер арасындағы жаңа жобаларға кең мүмкіндіктер ашып отырғанын жеткізді.
– Түркістан облысы мен Қытайдың бірқатар провинциялары арасындағы ынтымақтастық соңғы жылдары қарқын алып келеді. Облыстық делегацияның Қытайға ұйымдастырылған іссапарлары нәтижесінде Шаньси, Хэнань, Хубей және Хэйлунцзян провинцияларының әкімшіліктерімен бауырластық туралы меморандумдар бекітілді. Бұл құжаттар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық бағыттағы байланыстарды нығайтуға жаңа серпін берді. Бүгінде Түркістан облысында қытайлық инвесторлардың қатысуымен бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта да жаңа жобаларды жүзеге асырып, әріптестік орнатуға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Бүгінде өңірде қытай инвесторларымен бірге текстиль кластерін құру, желатин және май компоненттерін өндіру зауыты, көкөніс кептіру және қайта өңдеу кәсіпорны, 300 мегаватт күн электр станциясы, бейнебақылау камераларын шығару, еден жабындары өндірісі және мата мен джинс маталарын өндіру жобалары қолға алынған. Бұл бастамалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспортты ұлғайтуға және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді.
Қытай елшісі Түркістан облысының даму қарқынына оң бағасын беріп, әріптестікті нығайтуға күш салатынын жеткізді. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, логистика, «Жасыл экономика» және өзге де салаларда инвестиция салуға мүмкіндік мол екенін айтты. Кездесу соңында тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, қайта өңдеу, логистика және туризм бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.


