Инвесторлар Сайрам мен Түлкібас аудандарына инвестиция салуға ниет танытты

Түркістан қаласында өткен халықаралық инвестициялық форум Сайрам мен Түлкібас аудандары үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты. Форум аясында аудан мен Қытай Халық Республикасының инвесторлары стратегиялық маңызы жоғары екі меморандумға қол қойды.
Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиевтың айтуынша, инвесторлармен болған келіссөздер аясында алғашқы келісім – «KUZOV KARABULAK» және DAYUN AVTO CENTRAL ASIA LIMITED арасында жасалды. Бұл жоба ауыр жүк көліктеріне арналған тіркемелер (прицептер) өндіретін жаңа өндіріс алаңын құруды көздейді. Өңір үшін ауқымы үлкен бұл бастама – тек экономикалық инвестиция ғана емес, сонымен қатар жергілікті 500 азаматты жұмыспен қамтымақ. Жоба құны – 2,5 миллиард теңге.
Екінші меморандум – «Qazaq Air Tecnology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Қытайдың «Huankun Industrial Investment Limited» компаниясы арасында бекітілді. Жоба заманауи технологиялар негізінде сапалы кірпіш өндіретін өндірісті іске қосуды қамтиды. Құны – 1 миллиард теңге. Құрал-жабдықтар орнатылғаннан кейін зауыт ай сайын 2,5 миллион дана кірпіш шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өндірісте 30-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. «Бұл екі келісім – Сайрам ауданының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды қадам. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және заманауи өндірістерді енгізу – ауданның болашақ дамуының берік тірегі болмақ» дейді аудан әкімі Мадияр Оразалиев.
Сондай-ақ Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев Қытай инвесторы Zhongping An мырзамен кездесті. Шетелдік кәсіпкер өз жобасын таныстыру, жүзеге асыру мақсатында Сайрам ауданына арнайы келді. Инвестор аудандағы мал шаруашылығының қарқынды екенін ескере отырып, ішек-қарын қалдықтарын қайта өңдеу арқылы үй жануарларына арналған азық өндіретін зауыт салу жобасын ұсынды. Бұл жоба Арыс ауылдық округіндегі Агроиндустриалды аймақта жүзеге асырылмақ. Аталған жоба мал қалдықтарын тиімді өңдеуге, экологияны жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев бұл бастаманы толық қолдайтынын, жобаны жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сондай-ақ, аудан әкімі жауапты бөлім басшыларына шетелдік инвесторларға қажетті көмекті көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жалпы Түлкібас ауданы туризм саласы дамыған өңірлердің бірегейі. Тау бөктері, өзендері мен мөлдір бастаулары халық арасында «екінші Швейцария» атанып, мұнда келген қонақтар да табиғатының әсемдігіне таңдана қарайды. Қарт Қаратау мен Алатаудың түйіскен тұсында орын тепкен Түлкібас ауданы туризм саласын дамытуға қолайлы аймақ. Осы орайда, аудан әкімі Асқар Естібаев күні кеше Түркістан қаласында өткен «Turkistan International Investment and Tourism» форумында ауданымызға арнайы «Kazakhstan Silk Road International Holdings Group» ЖШС-нің президенті Чан Минг пен сол компанияда түрлі лауазымдарды қызмет атқаратын жауапты тұлғаларды шақырып, туризм саласын дамыту мақсатындағы тың жобалармен таныстырды.
Кездесудегі негізгі мақсат Иірсу елді мекенінің маңынан туристік аймақ құрып, Ақсу шатқалынан көру алаңшасын салуға әдістемелік және қаржылық қолдау білдіру. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын», - демекші, бұл жерде әлемде құз үстіне көру алаңдарын соғуда тәжірибесі мол Қытай елі мамандарының көмегіне жүгініп, елімізде теңдесі жоқ аталған жобаны жүзеге асыруға басымдық берілмек. Сондай-ақ, ол жерде қонақ үйлер, этноауыл және тағыда басқа туристерді тартуға бағытталған нысандар жоспарға енгізілетін болады. Келген қонақтарға қонақжайлық көрсетіліп, тау етегінде ұлттық тағамдарымыздан дәм ұсынылды. Сонымен қатар, инвесторларға жуырда ашылған «Beibars-Bottlers» зауытының жұмысы және өнімдері таныстырылып, еліміздің мақтанышы «Ақсу-Жабағылы» қорығының музейіне экскурсия ұйымдастырылды.


