Адвокат: Шымкентте болған оқиға жол үстіндегі жанжал емес ұйымдастырылған қарулы шабуыл

Oinet.kz 27-01-2026 53

Адвокат Талғат Есімов Шымкентте жолға таласқан  жанжалға байланысты тағы үш күдіктінің ұсталғанын  мәлімдеді. Оның сөзінше, аталған оқиға кездейсоқ жанжал немесе жол-көлік дауы емес, алдын ала жоспарланған қарулы шабуыл деп жазады Оinet.kz порталы Otyrar.kz -ке сілтеме жасап. 

image.png

 Қорғаушының айтуынша, күдіктілер Түлкібас ауданында бой тасалап жүрген. Бұл ақпаратты Шымкент қалалық полиция департаменті де растады. Бұған дейін аталған іс бойынша төрт адам қамауға алынған. Қазіргі таңда күдіктілерге Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру», «Бұзақылық» және «Адамды ұрлау» баптары бойынша айып тағылған.  

Талғат Есімовтің мәлімдеуінше, марқұмды алдымен жарақаттап, кейін күштеп көлікке отырғызып алып кеткен. Артынша оны аса қатыгездікпен өлтірген. Шабуыл кезінде пышақпен қатар өзге де қару қолданылғаны анықталған. Көп ұзамай жәбірленушінің қол-аяғы сынған мәйіті Ордабасы ауданынан табылған.  

Адвокат бұл істі қоғам үшін аса қауіпті қылмыс деп бағалап, сот процесінің ашық өтуін талап етті.  Талғат Есімов, адвокат: «Бұл – жай ғана тұрмыстық жанжал емес, президенттің “Заң және тәртіп” қағидатына жасалған ашық қарсы әрекет. Біз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраймыз. Мұндай адамдардың қоғамда жүруге қақысы жоқ. Жол-көлік оқиғасы — тек сылтау. Негізгі мақсат — Василий Колесниковті ұрлап, өлтіру болған», — деді ол.  

Сонымен қатар қорғаушы күдіктілердің полицияның салғырттығын пайдаланғанын айтып, бұл істе құқық қорғау органдарының жауапкершілігі де қаралуы тиіс екенін жеткізді.

Семейде ер адам полиция көліктерін өртеп жіберді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу