Қылмыссыз ауылдар: ішімдіктен бас тартудың нәтижесі

Алкогольге тәуелділік – қоғам денсаулығына ғана емес, әлеуметтік тұрақтылыққа да қауіп төндіретін өзекті мәселелердің бірі. Қазақстанда бұл бағытта соңғы жылдары жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Әсіресе өңірлерде қолға алынған бастамалар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етіп отыр. Соның жарқын мысалы – Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан ішімдікке қарсы күрес шаралары мен «Ішімдіксіз ауыл» жобасы.
Облыста зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында кешенді жұмыстар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Дәрігерлер, психологтар, полиция қызметкерлері және жергілікті әкімдік өкілдері бірігіп, ауыл-аймақтарды аралап, тұрғындармен кездесулер өткізеді. Бұл кездесулерде алкогольдің адам денсаулығына, отбасы жағдайына және қоғамға тигізетін зияны кеңінен түсіндіріледі. Сонымен қатар, ішімдікке тәуелді азаматтармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, оларға қажетті психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Мамандардың айтуынша, осындай жүйелі шаралардың нәтижесінде өңірде алкогольдің салдарынан орын алатын құқықбұзушылықтар саны азайған. Тұрмыстық жанжалдар, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері және басқа да қылмыстардың төмендеуі – атқарылған жұмыстың нақты көрсеткіші. Бұл өз кезегінде халықтың қауіпсіздігі мен әл-ауқатының артуына оң әсерін тигізуде.
Түркістан облысында кеңінен қолдау тапқан «Ішімдіксіз ауыл» жобасы – қоғамдағы оң өзгерістердің басты қозғаушы күшіне айналып отыр. Аталған бастама аясында ауыл тұрғындары өз еркімен алкоголь өнімдерін сатудан бас тартып, салауатты өмір салтын таңдауда. Егер бұрын мұндай ауылдардың саны санаулы болса, бүгінде олардың қатары айтарлықтай артқан. Өңірде ішімдік сатылмайтын ауылдар саны артып келеді.
Осының нәтижесінде елдімекендерде қылмыс, бұзақылық, ұрлық-қарлық сияқты заң бұзушылықтар сап тыйылған. Өңірде өзгеге үлгі көрсетіп отырғандардың бірі Сауран ауданындағы Үлгілі ауылы. Мұнда 10 жыл бойы ішімдік сатылмайды. Бабай қорған ауылдық округіне қарасты Үлгілі елді мекенінде 115 түтін, 850-ге жуық халық тұрады. Ауыл дүкендерінде ішімдік мүлдем сатылмайды. Ауыл ақсақалдары жұртты жиып, осындай шешімге келген. Оны барлығы бірауыздан қолдапты. Сондан бері ауылдың берекесі кіріп, ынтымағы жарасқан.
« Сөзге тұрған қазақпыз, бәтуаға тұрған қазақпыз. Елімізге, балаларымызға, ауылымызға зиян болатын болған соң тоқтатты. Ешкім қарсы шыққан жоқ. Елде тыныштық, ұрлық-қарлық деген жоқ. Ауылда тірлік жетеді. Жері бар, малы бар басқасы бар. Сонымен айналысады», -дейді Үлгілі ауылының қариясы Ертас Ырысбеков.
Ішімдіктен бас тартқалы ауыл іші тынышталды дейді тұрғындар. «Көшеде арық ішіп жүретін, тәртіп бұзатын ешкім жоқ. Ауылда барлығы жақсы. Кеше қарай әр жылғы балалар кезекшілікке шығып, ауылға қарайлап, келген-кеткендерді көріп тұрады. Сондай жұмыстар атқарады»,- дейді Бабай қорған ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Төреш Алқанов .
Сауран ауданындағы Нұртас, Шпан және Үлгілі ауылдары ішімдіктен бас тартып, қауіпсіз қоғам қағидатын ұстанады. Ондағы дүкен иелері де көптің қалауымен келіскен. «Дүкен ашылғалы бері ішімдік сатылмайды, ауылдың бәрі қарсы. Азық-түлікпен жабылып жатыр. Ішімдіксіз сауда істеуге болады. Ауылдан ешкім сұрап келмейді, біледі. Сырттан келгендер болмаса. 23:00-де жабылады, ауыл біледі, соған дейін саудасын жасап алады. Түнде мазалау жоқ»,- дейді дүкенші Ерхан Раманов.
Ауылдың полиция қызметкерлері бұл бастама тек құқық бұзушылықтың алдын алу емес, салауатты өмір салтын ұстанып, қауіпсіз қоғам құруға әсері орасан зор деп санайды. Айтуларынша аудандағы басқа да елді мекендердің арасында ақсақалдар мен ауылдың зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп, ішімдіктен бас тартып жатқан ауылдардың санын көбейтуге жұмыстарын жалғастырып жатқан көрінеді.


