Цифрлық қауіпсіздік: Түркістанда маңызды кездесу өтті

«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында киберқауіптерден қорғау бағыты Қазақстанның цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және азаматтардың жеке деректерін қорғаудың негізгі тетіктерінің біріне айналып отыр. Қазіргі таңда бұл бағыт тек құқық қорғау саласының ғана емес, жалпы мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының қатарында. Цифрландыру үдерісінің жеделдеуімен бірге киберқылмыс түрлері де күрделеніп, интернет алаяқтықтың жаңа әдістері пайда болуда. Осыған байланысты 2026 жылға қарай жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы киберқауіпсіздік жүйесін күшейту мәселесі өзекті бола түсті.
Осы бағытта Түркістан облысында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысы Полиция департаментінің Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы мен Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы Кентау қалалық полиция бөлімінің жеке құрамына арналған арнайы кездесу өткізді. Шараның негізгі мақсаты – жаңа заңнамалық өзгерістерді түсіндіру және интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша кәсіби біліктілікті арттыру болды.
Кездесу барысында биыл күшіне енген «Құқық бұзушылықтар профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген жаңашылдықтар жан-жақты түсіндірілді. Құқық қорғау органдары қызметкерлеріне заң нормаларын тәжірибеде тиімді қолдану жолдары көрсетіліп, профилактикалық жұмыстың маңызы ерекше атап өтілді. Сонымен қатар интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу мәселесі негізгі тақырыптардың бірі ретінде қаралды.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Қуанышбай Төлегенұлының айтуынша, жыл басынан бері Түркістан облысында интернет-алаяқтық бойынша 168 дерек тіркелген. Оның ішінде жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде 54 қылмыс ашылған. Бұл көрсеткіштер киберқылмыспен күрес жұмыстарының жүйелі түрде күшейтілу қажеттігін айқындайды.
Сондай-ақ басқарма басшысы 2025 жылдың қорытындысына сәйкес өңірде интернет-алаяқтық бойынша 843 дерек тіркелгенін, нәтижесінде азаматтарға жалпы сомасы 1 миллиард 665 миллион теңгеден астам материалдық шығын келгенін атап өтті. Бұл жағдай интернет қауіпсіздігі мәселесінің қаншалықты өзекті екенін көрсетеді.
Қуанышбай Төлегенұлының айтуынша, қазіргі таңда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы кибералаяқтардың да жаңа әдіс-тәсілдер қолдануына жол ашып отыр. Сол себепті азаматтардың интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тек құқық қорғау органдары емес, бүкіл қоғам болып әрекет етуі қажет. Ол әрбір ұсыныс пен бастама назарға алынатынын айтып, интернет-алаяқтықпен күресте бірлескен жұмыстың маңызын ерекше атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру баршамызға маңызды міндет екенін атап өтті. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тәптіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөзі бар. Мемлекеттің дамуы үшін мызғымас тәртіп пен отаншылдық қажет. Қоғам тұрақтылығы мен бейбіт өмірдің кепілі – заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуы. Осы мақсатта облыста бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Қазіргі таңда жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект қарқынды даму кезеңінде интернет желісін пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың ауқымы кеңейіп, жаңа әдіс-тәсілдері пайда болуда. Осыған орай, кибералаяқтардың арбауына түскен жәбірленушілер саны да күн сайын өсуде. Мемлекет басшысы Бас прокуратурада өткізген жиында Киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажеттігін атап өтті. Бүгінгі жиын – жоғарыда айтылған өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды алаң», -деді ол.


