Цифрлық бақылау жолдағы тәртіпті арттыруда

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар Түркістан облысында тұрақты түрде жалғасуда. «Қауіпсіз ел» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл шаралар жолдағы тәртіпті күшейтуге, заң талаптарының сақталуын бақылауға және көлік құралдарын пайдалану мәдениетін арттыруға бағытталған. Жоба шеңберінде жол инфрақұрылымын жетілдірумен қатар, заманауи бақылау жүйелерін енгізу арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алу көзделген.
Осы бағытта облыстық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері республикалық маңызы бар Алматы — Ташкент — Термез автожолында жоспарлы патрульдеу жұмыстарын жүргізді. Қауіпсіздік шаралары барысында Сарыағаш қаласы бағытынан мегаполиске қарай қозғалып келе жатқан Geely маркалы автокөлігі тоқтатылды.
Тексеру кезінде жүргізушінің көлік құралын мемлекеттік тіркеу белгісінсіз басқарып жүргені анықталды. Бұл – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу болып табылады және көлік құралын заңсыз пайдалануға байланысты қауіптердің бірі саналады. Тәртіп сақшылары аталған құқық бұзушылық бойынша заңға сәйкес тиісті шара қолданды.
Қосымша тексеру барысында мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі көліктің салонынан табылды. Полиция қызметкерлері жүргізушіге заң талаптарын түсіндіріп, нөмірлік белгіні тиісті орынға қайта орнатуды талап етті. Нәтижесінде кемшілік сол жерде жойылып, көлік заң талаптарына сәйкес ретке келтірілді.
Мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік құралын басқару – жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін құқық бұзушылықтардың бірі. Себебі мұндай жағдайларда көлікті сәйкестендіру қиындап, жол-көлік оқиғалары немесе өзге де заңсыз әрекеттер кезінде жауапкершілікті анықтау мәселесі күрделенеді. Сондықтан бұл талаптың сақталуы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жүргізген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде бір аптаның ішінде мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген 10 автокөлік анықталды. Барлық жағдайлар бойынша тиісті шаралар қабылданып, құқық бұзушылықтар дер кезінде тоқтатылды.
Тәртіп сақшылары жол қозғалысына қатысушыларға көлік құралдарын тек заң талаптарына сәйкес пайдалану қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар мемлекеттік тіркеу белгілерінің болуы, техникалық талаптардың сақталуы және жүргізуші құжатының заңдылығы – жолдағы қауіпсіздіктің негізгі шарттарының бірі екені атап өтілді.
«Қауіпсіз ел» жобасы аясында атқарылып жатқан мұндай профилактикалық жұмыстардың басты мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, олардың алдын алу және жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса бермек.


