Заң мен тәртіп – әр азаматтан басталады

Oinet.kz 08-09-2026

image.png

Шымкентте қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлы орта қалыптастыру, сондай-ақ қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуына бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бұл ретте «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға ерекше мән берілуде. Оның бір бағыты – қоғамдық орындарда темекі шегуге қойылған талаптардың сақталуын бақылау.

Полиция департаментінің қызметкерлері қалалық қызметтермен бірлесіп, тұрақты мониторинг пен профилактикалық іс-шаралар жүргізуде. Қоғамдық орындарда белгіленбеген жерлерде темекі шегетін азаматтарға заң талаптары түсіндіріліп, анықталған құқық бұзушылықтар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдануда. Мұндағы мақсат тек заң бұзушылықты анықтап, жауапкершілікке тарту емес, ең алдымен оның алдын алу және тұрғындар арасында қоғамдық тәртіп пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.

«Заң мен тәртіп» қағидаты әр азаматтың белгіленген талаптарды сақтап, өз әрекетінің айналасындағыларға әсерін ескеруінен басталады. Қоғамдық орында белгіленбеген жерде темекі шегу жеке адамның таңдауы ғана емес, айналадағы азаматтардың құқықтары мен жайлылығына да әсер ететін әрекет. Сондықтан қоғамдық орындарда белгіленген шектеулерді сақтау – ортақ тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.

Темекі шегуге қойылған талаптар, ең алдымен, айналадағы азаматтардың, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғауға және қауіпсіз әрі қолайлы қоғамдық орта қалыптастыруға бағытталған. Осыған байланысты тұрғындардың заң талаптарын білуі және оны күнделікті өмірде сақтауы маңызды.

Тазалық пен тәртіп – баршаға ортақ жауапкершілік. Қоғамдық орындарда белгіленген талаптарды сақтау, айналадағы адамдардың құқықтары мен жайлылығын құрметтеу – әр азаматтың міндеті. Тұрғындар мен қала қонақтарын заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауға және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырамыз.

Шымкентте «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса береді.

Заң мен тәртіп – тілге құрметтен басталады
Жастарға киберқауіпсіздік түсіндірілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу