«Заң мен тәртіп»: қару айналымы бақылауда

Oinet.kz 09-09-2026

image.png

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен азаматтардың тыныштығын сақтау – құқық қорғау органдарының негізгі міндеттерінің бірі. Бұл ретте «Заң мен тәртіп» қағидаты құқық бұзушылықтың салдарымен күресуді ғана емес, оның алдын алып, қауіптің туындауына жол бермеуді көздейді. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында Шымкент қаласының аумағында ағымдағы жылдың 9-11 қыркүйегі аралығында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруын пайдалана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ қару айналымына мемлекеттік бақылауды күшейту. Қару-жарақтың заңсыз айналымына тосқауыл қою – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, қаладағы тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған маңызды шаралардың бірі.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері заңсыз айналымдағы атыс қаруын, оқ-дәрілерді анықтап, тәркілеуге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар азаматтық қару иелерінің тұрғылықты мекенжайлары бойынша қаруды сақтау талаптарының сақталуы және қолданыстағы заңнама нормаларының орындалуы тексеріледі.

Қару иелеріне қаруды белгіленген тәртіппен сақтау, алып жүру және пайдалану талаптарын қатаң орындау қажеттігі ескертіледі. Өйткені қаруды тиісті талаптарды сақтамай сақтау немесе оны басқа адамдардың қолына түсіруі ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан қару иесінің жауапкершілігі тек өз қауіпсіздігімен шектелмей, айналасындағы адамдардың өмірі мен денсаулығына да тікелей қатысты.

 «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде полиция қызметкерлерінің бақылауымен қатар түсіндіру жұмыстарына да мән беріледі. Азаматтарға қаруды сақтау тәртібі, оны пайдалануға қойылатын талаптар және заң бұзушылықтың жауапкершілігі түсіндіріледі. Бұл – «Заң мен тәртіп» қағидатының профилактикалық бағытын күшейтетін маңызды қадам.

Шымкент қаласында өткізіліп жатқан «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Құқық қорғау органдарының жүйелі бақылауы мен азаматтардың заң талаптарына жауапкершілікпен қарауы қатар жүрген жағдайда ғана қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік молаяды.

Заң мен тәртіпті жас ұрпақтан бастайық
Жасөспірімдер қауіпсіздігі басты назарда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу