Ғаламтордағы тәртіптің сақталуы да аса маңызды

Қазіргі ақпараттық технологиялар дамыған заманда ғаламтор желісі де қоғамдық орынның бір бөлігіне айналды. Осыған байланысты, «Заң мен тәртіп» қағидаты тек шынайы өмірде емес, виртуалды әлемде де толыққанды сақталуы тиіс. Әлеуметтік желілерде құқыққа қайшы контенттің таралуына жол бермеу және қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттердің алдын алу мақсатында Шымкент қаласының Полиция департаменті әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді.
Кезекті мониторингтік тексеру барысында тәртіп сақшылары TikTok әлеуметтік желісінде заң бұзушылық фактісін тіркеді. Атап айтқанда, 39 жастағы қала тұрғыны Қуанышбек Умарбековтің тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті дөрекі түрде бұзғаны анықталды. Ж желі қолданушыларының алдында әдепсіздік танытып, заң талаптарын елемеген азаматтың бұл әрекеті жауапсыз қалған жоқ. Тәртіп бұзушыға қатысты тиісті хаттама толтырылып, сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Желідегі танымалдық пен «лайк» қуу, қаралым жинау мақсатында жасалатын мұндай сорақы әрекеттер – қоғамдық мораль мен заңға ашық түрде жасалған құрметсіздік. Әлеуметтік желіде миллиондаған адам видео қарап, мәтін оқиды. Әсіресе жастар желіде өте белсенді. Олар танымал блогерді қатты құрметтеп, тіпті оған табынып жатады. Оның айтқан әрбір сөзін қайталауға тырысады. Сондықтан да әлеуметтік желіде тәртіп сақтау өте маңызды. Жаман іс арқылы өзгелерді тура жолдан адастыруға болады. Полиция департаменті әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер, видеоблогтар мен өзге де жарияланымдар заң талаптарына толық сәйкес болуы тиіс екенін қатаң ескертеді. Танымалдық жинау үшін қоғамдық тәртіпті бұзу, әдепсіз сөздер сөйлеу және құқыққа қайшы контент тарату заңнамада белгіленген қатаң жауапкершілікке әкеп соғады.
Азаматтар заңның цифрлық кеңістікте де баршаға бірдей қолданылатынын ұмытпауы тиіс. Экраның арғы жағында отыру қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершіліктен босатпайды. Ғаламтордағы мәдениет пен құқықтық сауаттылық – қауіпсіз әрі өркениетті қоғамның басты көрсеткіші. Шымкент полициясы бұдан былай да виртуалды кеңістіктегі заңдылық пен тазалықты жіті қадағалап, кез келген заң бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» ұстанымымен жауап береді.


