Қоғамдық орындарды ластау бойынша 2 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

Oinet.kz 23-10-2026

image.png

Шымкент қаласында жыл басынан бері ортақ пайдаланылатын орындарды ластау және қоқысты белгіленбеген жерлерге тастау бойынша 2140 құқық бұзушылық анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық тазалықты сақтау және тұрғындардың ортақ кеңістікке деген жауапкершілігін арттыру мақсатында жүргізіліп жатыр.

Қоғамдық орындардың тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, әр тұрғынның күнделікті әрекетіне де байланысты. Соған қарамастан, көшелерде, жол жиектерінде және өзге де ортақ пайдаланылатын аумақтарда қоқыс тастау жағдайлары кездеседі. Әсіресе, көлік жүргізушілері мен жолаушылардың автокөлік терезесінен темекі тұқылын, пісте қабығын және басқа да тұрмыстық қалдықтарды лақтыруы қоршаған ортаның ластануына әкеледі.

Мұндай әрекеттер ұсақ-түйек болып көрінгенімен, қоғамдық тәртіпке қайшы келеді және айналадағы адамдарға қолайсыздық туғызады. Қоқыстың белгіленбеген жерге тасталуы қаланың санитарлық жағдайына кері әсер етіп, тазалықты қамтамасыз етуге жұмсалатын күш пен қаражаттың артуына себеп болады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабына сәйкес, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан әр азамат қоғамдық орындарда белгіленген тәртіпті сақтап, тұрмыстық қалдықтарды арнайы жәшіктерге тастауы қажет.

«Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамдық қауіпсіздікпен қатар, ортақ ережелерді сақтау мен азаматтық жауапкершілікті де қамтиды. Қала тазалығына немқұрайды қарамау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау және белгіленген талаптарды орындау – әр тұрғынның міндеті.

Полиция қызметкерлері тұрғындарды қоқысты белгіленген орындарға тастауға, көшелер мен қоғамдық аумақтарды таза ұстауға шақырады. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек бақылау шараларымен шектелмейді: күнделікті өмірде заң талаптарын орындау да қауіпсіз әрі таза қалалық ортаны қалыптастыруға үлес қосады.

«Қадағалау» профилактикалық іс-шарасы өтуде
Жас полицейлер заң мен тәртіпті сақтауға ант берді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу