Жас мамандардың жауапкершілігі талқыланды

Шымкент қаласы Полиция департаментінде жас қызметкерлердің қатысуымен Тәлімгерлер кеңесінің отырысы өтті. Жиында полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығы, азаматтармен қарым-қатынас мәдениеті және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мәселелері қаралды. Кездесудің мақсаты – жас мамандардың қызметтік міндеттерін орындаудағы жауапкершілігін арттыру.
Отырыс барысында тәлімгерлер ішкі істер органдарындағы көпжылдық тәжірибелерімен бөлісіп, құқық қорғау қызметінде кездесетін түрлі жағдайларға тоқталды. Олар жас қызметкерлерге азаматтармен сөйлесу кезінде әдеп нормаларын сақтаудың, әрбір өтінішке мұқият қараудың, қызметтік міндеттерді заң талаптарына сәйкес орындаудың маңызын түсіндірді. Сондай-ақ, қызмет барысында сабырлық таныту, әр азаматтың құқығына құрметпен қарау қажеттігі айтылды.
Полиция қызметкерінің жұмысы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Тұрғындардың өтінішіне уақытылы жауап беру, мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету және азаматтармен ашық қарым-қатынас орнату да күнделікті қызметтің маңызды бөлігі саналады. Осы тұрғыдан алғанда, жас мамандардың кәсіби білімімен қатар, құқықтық сауаттылығы мен қарым-қатынас мәдениетін жетілдіруіне ерекше мән беріледі.
Президент айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруда полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен жеке жауапкершілігі айрықша орын алады. Заң талаптарын сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қоғамның сенімін ақтау – әрбір полицейдің негізгі міндеті. Сондықтан жас мамандарға қызметтік тәртіпті қатаң ұстанып, кез келген жағдайда заңдылықты басшылыққа алу қажеттігі түсіндірілді.
Тәлімгерлер кеңесінің жұмысы тәжірибелі қызметкерлер мен жас мамандар арасындағы байланысты нығайтуға, қызметтік міндеттерді меңгеруге және кәсіби ортаға бейімделуге бағытталған. Аға буынның тәжірибесі жас қызметкерлерге күнделікті жұмыстың қыр-сырын үйренуге көмектессе, тұрақты кеңес пен бағыт-бағдар олардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Құқық қорғау саласында кәсіби дағды мен заң талаптарын білу жеткіліксіз, оларды іс жүзінде дұрыс қолдану да маңызды. Осы міндеттерді жас мамандардың бойына сіңіру – тәлімгерлік жұмыстың негізгі бағыттарының бірі.


