Шымкентте «Таза Қазақстан» аясында 300-ге жуық құқық бұзушылық анықталды

Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында бір апта ішінде 300-ге жуық құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзудың 250 дерегі және ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 39 дерегі тіркелді. Барлық анықталған факті бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Қоғамдық тазалықты сақтау мен қоршаған ортаны қорғау – қала тұрғындары мен әрбір азаматқа ортақ жауапкершілік. Алайда белгіленген талаптарға қарамастан, көшелерде, аулаларда және ортақ пайдаланылатын аумақтарда тазалық қағидаларын бұзу жағдайлары әлі де кездеседі. Мұндай әрекеттер қаланың санитарлық жағдайына кері әсер етіп, тұрғындарға қолайсыздық туғызады.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстар тек аумақтарды тазалаумен шектелмейді. Оның маңызды бағытының бірі – қоғамдық орындарда белгіленген тәртіпті сақтау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және тұрғындардың құқықтық жауапкершілігін арттыру. Осы ретте полиция қызметкерлері абаттандыру қағидаларының орындалуын бақылап, анықталған құқық бұзушылықтарға қатысты заң аясында шаралар қабылдайды.
Бұл жұмыс Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатымен де сабақтас. Өйткені заң талаптарын орындау қоғамдық қауіпсіздікпен қатар, ортақ пайдаланылатын аумақтарды таза ұстау мен қоғамдық мүлікке ұқыпты қараудан да көрінеді. Әр тұрғынның белгіленген ережелерді сақтауы қаланың тазалығына және жайлы орта қалыптастыруға тікелей әсер етеді.
Шымкент қаласының Полиция департаменті тұрғындарды көшелер мен қоғамдық орындарды ластамауға, қоқысты арнайы белгіленген орындарға тастауға және абаттандыру қағидаларын сақтауға шақырады. Қоғамдық тәртіпке бейжай қарамай, ортақ ережелерді орындау – әр азаматтың міндеті. Қала тазалығын сақтау күнделікті жауапкершіліктен басталады.


