«Жас сақшы» оқушылары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысымен танысты

Шымкент қаласындағы №25 мектептің «Жас сақшы» сыныбының оқушылары Жедел басқару орталығына танымдық саяхат жасады. Кездесу барысында жасөспірімдер полиция қызметінің маңызды бағыттарымен танысып, қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары туралы мағлұмат алды.
Орталық мамандары оқушыларға бейнебақылау жүйелерінің қалай жұмыс істейтінін, қала аумағындағы жағдайдың қалай бақыланатынын және құқық бұзушылық белгілері анықталған кезде қандай шаралар қабылданатынын түсіндірді. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде заманауи технологиялардың атқаратын рөліне тоқталды. Оқушылар орталық қызметкерлерінің жұмысымен танысып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін түрлі қызметтердің өзара үйлесімді әрекет етуі маңызды екенін білді.
Танымдық саяхат кезінде жас сақшылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап алды. Оқушылар полиция қызметінің күнделікті міндеттері, құқық бұзушылықтардың алдын алу және бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндіктері туралы қосымша ақпаратқа қанықты. Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқық қорғау саласы туралы түсінігін кеңейтіп, болашақ мамандықты таңдауға да бағыт-бағдар береді.
Іс-шараның маңызы «Заң мен тәртіп» қағидатын жас ұрпақ арасында түсіндірумен де байланысты. Заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау және өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау дағдыларының қалыптасуы жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етеді. Ал полиция қызметімен жақынырақ танысу олардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі құқық қорғау органдарының міндетін тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді.
Жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған мұндай кездесулер мектеп оқушыларының заңға құрметін қалыптастырып, полиция қызметіне деген қызығушылығын арттыруға арналған. Қоғамдық тәртіпті сақтау мен қауіпсіз орта қалыптастыруда заң талаптарын білу ғана емес, оларды күнделікті өмірде ұстану да маңызды.


