Оқулық тапшылығы: прокуратура заң бұзушылықтарды анықтады

Oinet.kz 23-10-2026

image.png

Шымкент қаласындағы мемлекеттік мектептердің оқулық қорында жүйелі заң бұзушылықтар анықталды. Еңбекші ауданы прокуратурасының мәліметінше, білім беру ұйымдарында 170 мыңнан астам оқулық жетіспейді, ал 110 мыңнан астам кітап тозған және пайдалануға жарамсыз. Жалпы, мектептердегі оқулық қорының шамамен 74 пайызына жататын 2 миллион дана кітапты жаңарту қажет.

Прокуратура жүргізген тексеру барысында оқушыларды оқу әдебиетімен қамтамасыз ету және кітап қорын басқару кезінде бірқатар кемшілікке жол берілгені белгілі болды. Атап айтқанда, соңғы үш жылда оқушылар санының өзгеруіне қарай оқулық қорына түгендеу жүргізілмеген. Кітаптарды жаңарту мерзімдері сақталмай, сатып алынған оқулықтар мектептердің нақты сұранысын толық өтемеген.

Мәселен, Н.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы бесінші сынып оқушыларына арналған ағылшын тілі пәні бойынша 293 оқулық сұратқанымен, тек 90 данасын алған. Соның салдарынан оқушыларға мұқабасы мен түптері бүлінген, кейбір парақтары жоқ және әбден тозған кітаптар берілген. Бұл жағдай мектептерді қажетті оқу материалдарымен уақытылы қамтамасыз ету мәселесіне тиісті деңгейде назар аударылмағанын аңғартады.

Кітап қорын дұрыс есепке алу, мектептердің сұранысын нақты анықтау және оқулықтарды уақытылы жаңарту білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі болып саналады.

Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде 46 мыңнан астам оқушы қажетті оқулықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, заң бұзушылықтарға жол берген 73 тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Кітап қорын есепке алуды жүйелеу және мектептердің оқу әдебиетіне қажеттілігін тиімді жоспарлау мақсатында қала әкімдігі «Alaqan» электрондық кітапхана жүйесін енгізді. Бұл жүйе оқулықтардың есебін жүргізуді реттеп, мектептердегі нақты сұранысты анықтауға және кітап қорын жаңарту жұмысын жоспарлауға бағытталған.

Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекеттік мекемелердің өз міндетін заң талаптарына сай орындауын да қамтиды. Білім беру ұйымдарын қажетті оқулықтармен қамтамасыз ету, бөлінген ресурстарды тиімді пайдалану және анықталған кемшіліктерді жою – оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасаудың маңызды бөлігі.

«Жас сақшы» оқушылары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысымен танысты
Оқушылар прокуратура жұмысымен танысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу