Оқушылар прокуратура жұмысымен танысты

Oinet.kz 23-10-2026

image.png

Шымкент қаласының Тұран ауданы прокуратурасында №2 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушыларына «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Танымдық кездесудің мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру және прокуратура органдарының қызметімен жақынырақ таныстыру.

Іс-шара барысында оқушылар прокуратура ғимаратын аралап, мекеменің негізгі қызмет бағыттары туралы ақпарат алды. Прокуратура қызметкерлері заңдылықтың сақталуын қадағалау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды түсіндірді.

Кездесу аясында Тұран ауданының прокуроры Серік Үмбетұлы Әбдиев оқушыларды жеке қабылдап, олармен сұхбаттасты. Жасөспірімдер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, прокуратура органдарының міндеттері мен қызмет ерекшеліктері туралы мәлімет алды. Өз кезегінде прокурор оқушыларға заң талаптарын білу мен күнделікті өмірде сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін түсіну маңызды екенін жеткізді.

Сонымен қатар прокуратура қызметкерлері өздерінің жұмыс бағыттары бойынша түсіндіру жүргізіп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Мұндай кездесулер жас ұрпақтың құқық қорғау органдарының қызметі туралы түсінігін кеңейтіп, құқықтық мәселелерге қатысты сауалдарына тікелей мамандардан жауап алуына мүмкіндік береді.

Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды. Заңды құрметтеу, өзгенің құқығын бұзбау және әр әрекеттің салдарын түсіну – жасөспірімнің қоғамдағы жауапкершілігін айқындайтын маңызды ұстанымдар. Ал құқықтық сауаттылықты мектеп жасынан қалыптастыру балалардың заң талаптарын дұрыс түсінуіне ықпал етеді.

«Ашық есік күні» оқушыларға прокуратура қызметін жақыннан танып, құқық қорғау саласының жұмысын түсінуге жол ашты. Осындай кездесулер арқылы жасөспірімдер заң мен тәртіптің қоғам өміріндегі маңызын түсініп, өз құқықтары мен міндеттеріне жауапкершілікпен қарауға үйренеді.

Оқулық тапшылығы: прокуратура заң бұзушылықтарды анықтады
Шымкент прокуратурасы «Мөлдір бұлақ» экологиялық іс-шарасын өткізді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу