Әділет департаментінің маманы студенттерге дәріс оқыды

Шымкент қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Осы мақсатта Шымкент қаласы Әділет департаментінің маманы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде студенттерге дәріс оқыды.
Кездесуді Әділет департаментінің Коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы Шолпан Досаева өткізді. Дәріс барысында коммерциялық емес ұйымдарды мемлекеттік тіркеу тәртібі, заңнама талаптары және мемлекеттік қызметтерді алу жолдары жан-жақты түсіндірілді.
Маман коммерциялық емес ұйымды тіркеу үшін қандай құжаттар қажет екеніне тоқталды. Оның ішінде белгіленген нысандағы өтініш, ұйымның ұйымдық-құқықтық нысанына сәйкес жарғы, құрылтайшылардың шешімі және заңнамада көзделген өзге де құжаттар бар. Құжаттарды дұрыс әзірлеп, белгіленген талаптарға сай ұсыну мемлекеттік тіркеу рәсімінің маңызды кезеңі екені айтылды.
Сонымен қатар студенттерге мемлекеттік қызметтерді алу тәсілдері таныстырылды. Коммерциялық емес ұйымды тіркеуге өтінішті электрондық үкіметтің eGov.kz порталы арқылы онлайн немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы беруге болатыны түсіндірілді. Электрондық қызметтерді пайдалану тәртібі туралы мәліметтер беріліп, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде заң талаптарын сақтау қажеттігі атап өтілді.
«Заң мен тәртіп» қағидатының басты талаптарының бірі – азаматтардың заңды білуі және оны күнделікті өмірде басшылыққа алуы. Осы тұрғыдан алғанда, жоғары оқу орындарында өткізілетін құқықтық дәрістер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заңға құрметпен қарауына ықпал етеді.
Дәріс барысында студенттер коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысты құқықтық мәселелер жөнінде ақпарат алып, мемлекеттік тіркеу рәсімінің негізгі талаптарымен танысты. Мұндай кездесулер жастардың заңнаманы түсінуіне, мемлекеттік қызметтерді дұрыс пайдалануына және құқықтық мәселелер бойынша сауатты шешім қабылдауына көмектеседі.


