Заң мен тәртіп: зияткерлік еңбек те қорғалуы тиіс

Oinet.kz 29-10-2026

image.png

Шымкент қаласы Әділет департаментінің жұмыс жоспарына сәйкес, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде зияткерлік меншік саласындағы құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған дәріс өтті. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында зияткерлік еңбек нәтижелеріне құрметпен қарауды қалыптастыруға және авторлық құқықтарды қорғау жөніндегі түсінікті кеңейтуге бағытталды.

Дәрісті Шымкент қаласы Әділет департаментінің Зияткерлік меншік құқығы бөлімінің бас маманы Дина Азимова өткізді. Кездесу барысында университет оқытушыларына зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғаудың маңызы, авторлық құқықтарды сақтау талаптары және осы саладағы заң бұзушылықтардың алдын алу жолдары түсіндірілді.

Зияткерлік меншікке адамның шығармашылық және ғылыми қызметі нәтижесінде дүниеге келген туындылар, ғылыми еңбектер мен басқа да зияткерлік еңбек өнімдері жатады. Оларды заң талаптарын сақтамай пайдалану авторлардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін. Осыған байланысты дәріс барысында өзгенің еңбегін иемденбеу, авторлық құқықтарды сақтау және зияткерлік меншік объектілерін белгіленген тәртіппен пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Оқытушылар ғылыми жарияланымдар, оқу материалдары мен әдістемелік еңбектерді әзірлеу кезінде түрлі ақпарат көздерін пайдаланады. Мұндай жағдайда автордың еңбегіне сілтеме жасау, материалдарды заң талаптарына сәйкес қолдану және шығармашылық жұмыстың иесіне тиесілі құқықтарды құрметтеу маңызды. Талаптар академиялық адалдықты сақтауға да тікелей қатысты.

Дәріс кезінде зияткерлік меншік саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және шығармашылық қызмет нәтижелерін заңды жолмен пайдалану мәселелері де қозғалды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, маманнан тиісті жауаптар алды. Сонымен қатар өзекті құқықтық мәселелер бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды.

 «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқықтық сауаттылықты арттырумен қатар, өзгенің еңбегін бағалау мен авторлық құқыққа құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру да маңызды. Өйткені ғылыми және шығармашылық қызмет нәтижелерінің қорғалуы авторлардың құқығын сақтауға әрі қоғамдағы құқықтық жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді.

«Халық заңгері»: тұрғындар өз сұрақтарына жауап алды
Заң алдындағы жауапкершілік пен интернет қауіпсіздігі назарда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу