Шымкентте студенттер сотталғандармен телекөпір арқылы тілдесті

Oinet.kz 29-10-2026

image.png

Шымкент қаласындағы Жол-көлік колледжінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Қылмыс және жаза: бір қателік – бір тағдыр» тақырыбында телемост ұйымдастырылды. Кездесудің басты ерекшелігі – студенттердің жазасын өтеу мекемесіндегі сотталған азаматтармен тікелей бейнебайланыс арқылы сөйлесіп, олардың өмірлік тәжірибесін тыңдауы.

Іс-шара жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және қылмыстық әрекеттің салдарын түсіндіру мақсатында өтті. Жиынға Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің сотталғандар арасындағы әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы тобының бас маманы, әділет подполковнигі Бижан  Арыстанбеков қатысты. Ол студенттерге заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылыққа жол бермеу және қылмыстық жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Бейнебайланыс кезінде жазасын өтеп жатқан азаматтар өздерінің өмір жолы туралы әңгімеледі. Олар қылмысқа баруына себеп болған жағдайларды, қабылдаған қате шешімдерінің салдарын және бас бостандығынан айырылудың өміріне қалай әсер еткенін баяндады. Әсіресе, темір тордың ар жағындағы өмірдің адамның өзіне ғана емес, отбасына және болашақ жоспарына да ауыр салмақ түсіретініне назар аударылды.

Студенттер үшін бұл әңгімелер заң талаптарын жай ғана түсіндіруден өзгеше болды. Сотталғандардың өз аузынан естіген оқиғалары бір сәттік ойланбаған әрекеттің ұзақ жылдарға созылатын өкінішке айналуы мүмкін екенін ұғынуға көмектесті. Кездесу барысында жастарға кез келген шешімнің салдарын алдын ала бағалау, күмәнді әрекеттерден аулақ болу, қиын жағдайда заңды жолды таңдау қажеттігі түсіндірілді.

Мұндай кездесулердің мәні – жазаның бар екенін ескертумен ғана шектелмей, оның адам тағдырына әсерін нақты мысалдар арқылы жеткізу. Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу және құқық бұзушылықтың алдын алу маңызды міндеттердің бірі саналады.

Телекөпір студенттерге қылмыстың салдарын сырттай бағаламай, оның адам өміріне әкелетін өзгерістерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Өйткені кейде бір сәттік қателік адамның өз тағдырымен бірге жақындарының өміріне де әсер етеді.

«Жас сақшылар» аллеясы ашылды
Мектеп оқушыларына құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу