Жасанды интеллект арқылы цифрлық контент жасауға қызығушылық артып келеді

Жасанды интеллект шығармашылық саланың жұмыс тәсілін өзгертіп, жаңа мамандықтар мен табыс табудың тың жолдарын қалыптастырып отыр. Шымкентте де цифрлық дағдыларды меңгеруге, заманауи технологияларды игеруге және оларды тәжірибеде қолдануға қызығушылық артып келеді.
Нейрожелі арқылы сурет, бейне, жарнамалық материал әзірлеу бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Дегенмен дайын өнімнің сапасы қолданылған бағдарламаға ғана емес, оны басқаратын адамның біліміне, идеясына және шығармашылық ізденісіне байланысты. Жасанды интеллектіні кәсіби құрал ретінде пайдаланатын мамандар алдымен тұжырымдаманы әзірлеп, кейіпкердің бейнесін, кадрлардың ретін және оқиғаның желісін нақтылайды.
ADS MEDIA жасанды интеллект креаторы Аружан Ерғалидың айтуынша, кейіпкердің бейнесін тұрақты сақтау үшін жұмысты алдын ала жоспарлау маңызды.
«Алдымен кейіпкерімізді жасаймыз. Оның бейнесін барынша сапалы етіп, жанынан және жақыннан түсірілген нұсқаларын дайындаймыз. Сонда нейрожелі кейіпкердің сыртқы келбетін танып, кейінгі генерация кезінде бет-әлпетін бұрмаламайды. Одан кейін кадрлық жоспар жасаймыз», – дейді маман.
Оның сөзінше, жасанды интеллект танымал тұлғалардың бейнесін де анықтай алады. Сондықтан нейрожелі арқылы контент әзірлегенде адамның бейнесіне қатысты құқықтарды ескеру қажет. Технологияның қолжетімді болуы кез келген тұлғаның суретін немесе бейнесін қалаған мақсатта пайдалануға рұқсат бермейді.
Шымкентте цифрлық құзыреттерді дамыту бағытында IT HUB алаңында түрлі іс-шаралар өткізіліп, жастардың технологиялық жобаларға қатысуына жағдай жасалуда. Мұндай ортада жасанды интеллект құралдарын меңгеру, идеяны цифрлық өнімге айналдыру және жаңа дағдыларды тәжірибеде сынау маңызды. Ал контент өндірісінде нейрожеліні қолдану шығармашылық қабілеті бар жастарға қосымша кәсіби бағыт ұсына алады.
Сонымен бірге технологияны меңгеру бағдарламамен жұмыс істеуді ғана білдірмейді. Сапалы өнім жасау үшін автордың өзіндік идеясы, көркемдік талғамы және аудиторияны түсінуі қажет. Жасанды интеллект жұмыстың бір бөлігін автоматтандырғанымен, мазмұнның мақсатын айқындау мен нәтижесіне жауап беру адамға жүктеледі.


