Желіде бойжеткенді подъезде бейтаныс әйел қорқытып, үркіткен видео тарады
Әлеуметтік желіде Семей қаласының тұрғыны көпқабатты үйдің кіреберісінде болған түнгі жанжал туралы жазба жариялады. Қыздың айтуынша, бейтаныс әйел агрессивті мінез көрсетіп, қорқытып-үркіткен. Оқиғаға қатысты полиция түсініктеме берді, деп хабарлайды Оinet.kz порталы.

Threads әлеуметтік желісінде тараған жазбада семейлік қыз 2026 жылғы 25 қаңтарға қараған түні, шамамен сағат 03:21-де жұмыстан үйіне қайтып келе жатқанын айтады. Сол сәтте ол бейтаныс әйелді байқап, кейін әлгі адамның өз артынан подъезге дейін еріп келгенін жазады.
«Есікті ашқанда оны алдымен кіргізейін деп едім, ол қолын сермеп, айқайлай бастады. “Өзің кір!” деп боқтап сөйледі. Сол сәттен бастап подъезге кірудің өзі қауіпті екенін түсіндім», — деп жазған бойжеткен.
Оның айтуынша, әйел агрессиясын тоқтатпай, артынан қалмай, түрлі қорқыту сөздерін айтқан. Тіпті «Соқыр болғың келе ме?» деген сөздер де айтылған. Қатты қорыққан қыз туысына хабарласып, оны көмекке шақырған.
«Тек сол кезде ғана үйге кіре алдым. Ол менің соңымнан кіруге тырысты, бірақ ағам есікті жауып үлгерді. Содан кейін ол ағамды да боқтай бастады», — делінген жазбада.
Автор оқиға кезінде видеоға түсіре бастағанын, сол сәтте әйел жағдайды өз пайдасына бұрып, өзін кінәлі етіп көрсетуге тырысқанын да атап өткен.
«Қазір күндіз болса да, әлі қорқып жүрмін. Ол енді мені әдейі күнде түнде күтіп жүрмей ме деп алаңдаймын», — деп жазды ол.
Оқиғаға байланысты Абай облысы полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, жарияланым бойынша тексеру жүргізілген.
«2026 жылғы 25 қаңтарда сағат 03:21 шамасында Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінің кіреберісінде екі азаматша арасында ауызша жанжал болғаны анықталды», — деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, жанжал барысында 24 жастағы азаматша балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
«Оқиғаға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, түсініктеме алынды. 24 жастағы азаматшаға қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды», — деп қосты полиция өкілдері.



