Жанабыловтар ісі: блогерлерге аса ауыр бап бойынша айып тағылды
Танымал блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты тергеу барысында тағы бір заңбұзушылық анықталып, жаңа қылмыстық іс қозғалды. Бұл жолы олар қылмыстық жауапкершілік пен қаражатты заңдастыру (жылыстату) күдігіне ілінді деп хабарлайды Оinet.kz.
Аталған ақпаратты блогерлер отбасының адвокаты Жасұлан Рахымғалиев растады. Оның айтуынша, ерлі-зайыптылардың әрекеті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 214-бабының 2-бөлігі және 218-бабының 2-бөлігі бойынша сараланып отыр.
Адвокаттың мәліметінше, ҚК-нің 218-бабы — қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру дерегі — аса ауыр қылмыстар санатына жатады және 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Тергеу нұсқасына сәйкес, әлеуметтік желілер арқылы жиналған қаражат заңсыз кәсіпкерлік қызмет нәтижесінде алынған кіріс ретінде бағаланған. Құқық қорғау органдары бұл қаражатты «заңдастыру» белгілерін анықтағанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, іс материалдарында прокурордың мемлекет мүддесін қорғау жөніндегі талап-арызы тіркелген. Онда азаматтардан жиналған қаражатты мемлекет кірісіне өндіріп алу мәселесі көтеріліп отыр. Прокуратура өкілдерінің пайымдауынша, бұл қаржы енді мемлекеттік қаражат ретінде қарастырылуы мүмкін.
Адвокат Жасұлан Рахымғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда Жанабыловтарға қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралып жатыр. Алайда оның нақты қай түрі қолданылатыны әзірге белгісіз.
Айта кетейік, бұған дейін Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованы лицензиясыз лотерея ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын. Тергеу деректеріне сәйкес, олар әлеуметтік желілер арқылы ақша, автокөлік және өзге де бағалы сыйлықтар тігілген ұтыс ойындарын жүйелі түрде өткізген.
Сот шешімінен кейін істің материалдары Қаржылық мониторинг агенттігіне жолданып, қаржы операцияларына қатысты қосымша тексеру басталған. Тергеу жалғасып жатыр.


