Биыл Қазақстанға Тимбалэнд, Николь Шерзингер, Баста Раймс келеді
Үкімет отырысында Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың концерттерін өткізу жоспары жарияланды, деп хабарлайды Оinet.kz тілшісі.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының төрағасы Талғат Ғазизов биыл Қазақстанда өтетін ірі мәдени іс-шаралар тізімін таныстырды. Оның айтуынша, ішкі және шетелдік туристерге қызық болатын мәдени, этномәдени, спорттық, экологиялық және гастрономиялық шаралар 2026 жыл бойына бірыңғай іс-шаралар күнтізбесі жасалған.
Жоспарға сәйкес, ел аумағында ай сайын 2-ден 7-ге дейін ірі іс-шара ұйымдастыру көзделіп отыр.
Ғазизовтің мәлімдеуінше, биыл әлемге танымал орындаушылардың қатысуымен кемінде бес ірі концерт өткізу жоспарланған. Алғашқы концерт мамыр айына белгіленген.
— Алғашқы концертке Тимбалэнд, Николь Шерзингер, Баста Раймс және өзге де танымал әртістердің қатысуы жоспарланып отыр, — деді ол.
Үкіметте айтылған бұл бастама Қазақстанды ірі концерттік турлар картасына енгізіп, елдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған.


