Түркістан облысында екі айда 10 мың сәби дүниеге келді

Oinet.kz 08-03-2021 346

FB_IMG_1615184682923.jpg

Түркістан облысы бала туу бойынша елімізде көш бастап тұр. Жыл басынан бері облыста 10 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Бір ғана №1 облыстық перинаталдық орталығында дүние есігін ашқан 1571 баланың  38-і егіз болса, біреуі  үшем.

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Арман Сәбитов пен Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов №1 облыстық перинаталдық орталығында болып, сәбилі болған аналарды 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады.

Аяулы аналар! Сіздерді шуақты көктемнің алғашқы мерекесі 8  наурыз  Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаймын! Ана – өмірдің гүлі, тіршіліктің нұры, мейірім мен ізгіліктің жаршысы. Әйел бүтін бір шаңырақтың шамшырағы. Ендеше мерейлі мерекеде Сіздерге тек шаттық пен қуаныш тілеймін. Әрдайым ақпейіл де қамқор, адал да, үлгілі қалыптарыңыздан айнымай жүре беріңіздер, – деп Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов жылы лебізін білдірді.

Аталған перинаталдық орталықта 656 маман жұмыс істейді. Оның ішінде 609-ы нәзік жандылар. Олардың қатарында дәрігерлер мен медицина ғылымдарының кандидаттары және денсаулық сақтау саласының  үздіктері бар.

Сіздер мереке күндерінде де жұмыс істеп, жаңа туған жас сәбидің үнімен балалы болған отбасылардың қуанышына себепкерсіздер. Шын жүректен қолдау көрсеткендеріңіз үшін және науқастарға күн сайын көрсететін қажырлы қызметтеріңіз үшін алғысым шексіз,деп   ақ халаттыларға жүрекжарды лебізін білдірген Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов нәзік жандылардың еселі еңбектеріне тілеулестік білдірді.

Бұл орталық заманауи жабдықтармен жабдықталған. Мұның барлығы өңірдегі нәрестелер мен аналардың, осында босанғандардың өмірлерін сақтап қалуға мүмкіндік береді. 


Түркістан облысында жеңілдетілген несие кез-келген шаруаға беріледі
Абат Түркістан саяхатшылардың сүйікті қаласына айналады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу