Жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасалуда
Қала инфрақұрылымын жаңғырту – мегаполис дамуының басты көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Жолдар, көше жарықтандыру, су және кәріз жүйелері, қоғамдық көлік желісі, саябақтар мен демалыс орындары – бұл қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін негізгі факторлар. Сондықтан инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары тек көркі үшін ғана емес, әлеуметтік, экономикалық және қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды. Жаңартылған инфрақұрылым тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетеді.

Жолдардың сапасы мен жарықтандыру жүйесі, қоғамдық көліктің қолжетімділігі, аялдамалар мен жаяу жүргінші жолдарының жайлылығы – халықтың қауіпсіздігін және жайлылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, балалар мен қарттарға арналған демалыс орындарын абаттандыру тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттырады. Қазіргі таңда мегаполистерде жол қозғалысының қарқыны артып, көлік ағынының тығыздығы айтарлықтай өсуде. Бұл жағдай көше инфрақұрылымын тұрақты түрде жаңғыртуды талап етеді. Осыған байланысты жол жамылғысын қайта құру, көше бойындағы инженерлік желілерді толықтай ауыстыру, су ағарлары мен жауын-шашын жүйелерін ретке келтіру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Жол құрылысы кезінде халықаралық стандарттарға сай сапалы материалдар қолданылып, әрбір жобаға инженерлік-техникалық бақылау күшейтілген. Бұл өз кезегінде жаңа салынған көшелердің пайдалану мерзімін ұзартып, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жаяу жүргіншілер жолдарының сапасы – қалалық инфрақұрылымның дамуын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасау мақсатында тротуарларды кеңейту, жарықтандыру жүйесін жаңарту, арнайы пандустар орнату және тактильді элементтерді көбейту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Шымкентте тұрғындардың өтініштеріне сәйкес, Абай ауданының бірнеше шағынауданында жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым жаңартылды. Аудандағы 50 көшеге жалпы ұзындығы 44 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды.
Атап айтқанда, Самал-2, Самал-3, Ынтымақ-2, Қызылжар, Нұршуақ, Қатын көпір, Солтүстік-Батыс, Асар-2 шағынаудандарында, Қайнарбұлақ саяжайы, Қайнарбұлақ, Көкбұлақ және Алтынтөбе тұрғын алабтарында жаяу жүргіншілер жолы толық жөнделді. Қауіпсіздік стандарттарына сәйкес жол белгілері мен жарықтандыру жүйелері жаңартылды, жолдардың бойы абаттандырылды. Мұндағы мақсат – тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы жүріп-тұруына жағдай жасау, жол қозғалысын реттеу және ауданның инфрақұрылымын жақсарту. Бүгінгі таңда құрылыс толық аяқталып, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы пайдалануға берілді.
Көше инфрақұрылымын дамыту және жаяу жүргіншілер жолдарын кеңейту – жай ғана құрылыс жұмысы емес, бұл қалалық өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастама. Қолайлы орта қалыптастыру, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экологиялық таза көлік мәдениетін дамыту – атқарылып жатқан кешенді жобалардың негізгі нәтижелері болып табылады.
Қала инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған бұл жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасып, заманауи әрі қауіпсіз мегаполис қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосады.


