​Ө.Жәнібеков атындағы мектеп жаңа кейіпке енуде

Oinet.kz 03-12-2025 6

Шымкент қаласында білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізу, жаңа оқу корпустарын салу – қаладағы білім сапасын арттыруға бағытталған басым бағыттардың бірі. Қала халқының өсімін ескере отырып, Шымкентте жаңа мектептер салу, қолданыстағы білім нысандарын кеңейту және жөндеу қажеттілігі жылдан жылға артып отыр. Осы мақсатта әкімдік тарапынан кешенді жоспар әзірленіп, мектептердің жағдайын жақсартуға тұрақты түрде қаржы бөлінуде.

image.png

Осы орайда «AMANAT» партиясы Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың орындалу барысын тексеруді жалғастыруда.

Бүгін комиссия мүшелері №19 Ө.Жәнібеков атындағы мектептің жаңа ғимаратының құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты. Тексеру тобының құрамында мәслихат депутаты, фракция мүшесі Бақытжан Позилов, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бердіқұл Садықов, партия филиалының атқарушы хатшысы Ердәулет Жүнісбек және комиссия мүшелері болды.

325 оқушыға арналған жаңа мектеп ғимаратының құрылысы 2025 жылдың қаңтар айында басталған. Жоба бойынша нысан желтоқсан айында толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Құрылыс мердігері қазіргі таңда жұмыстардың жоспарға сай жүріп жатқанын айтып, нысанды 25 желтоқсанға дейін тапсыруды көздеп отырғанын жеткізді.

Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бердіқұл Садықов құрылыс сапасының басты назарда болуы керектігін атап өтті.

«Бұл нысан партияның сайлауалды бағдарламасы аясында бой көтеріп жатыр. Демек, бұл — халық алдындағы нақты уәде. Сондықтан, жұмысты уақытында тапсыру маңызды болғанымен, сапаны естен шығаруға болмайды. Әрбір бөлшек, әрбір кірпіш халық сеніміне сай болуы керек», — деді ол.

Айта кетейік, Партиялық бақылау комиссиясы осы мектептің құрылыс барысын бұған дейін де бірнеше рет тексерген. Алдыңғы зерделеу барысында бірқатар кемшіліктер анықталып, мердігер мекемеге жұмыс кестесінен кешіккені үшін айыппұл салынған. Сол кезде комиссия нақты ескертулер беріп, жұмыстарды сапалы әрі уақтылы орындау бойынша тапсырмалар жүктеген.

Комиссия мүшелері алдағы уақытта да нысанның сапасы мен мерзімін жүйелі түрде бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Шымкент қаласында мектептерді жаңарту және жөндеу жұмыстары – тек ғимараттарды көркейту емес, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған инвестиция. Жүйелі жүргізілген инфрақұрылымдық өзгерістер білім сапасын жоғарылатып, оқушылардың қауіпсіз, заманауи ортада оқуына жағдай жасайды. Қаланың білім беру жүйесін дамытуға бағытталған бұл бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жаңа мектептер ашылып, бар мектептер жаңара түсетіні сөзсіз.

Партия өкілдері жатақхананың құрылысын тексерді
«Халық қатысатын бюджет» жобасы: ел дамуға қоғамның тікелей үлесі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу