Шымкентте полиция бастығы 6 млн теңге пара алған
Тұран аудандық полиция басқармасының басшысы өзінің қызметтік өкілетін пайдаланып пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Шымкент қаласының ауданаралық қылмыстық істер сотында пара алу фактісі бойынша Т. есімді азаматқа қатысты іс қаралды. Ол Тұран аудандық полиция басқармасының бастығы болып қызмет ете отырып, өндірісіндегі азамат А.-ның айыптау бабын жеңілдету үшін 6 млн теңге көлемінде пара алған.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің жауаптары, жасырын тергеу әрекеттері, сараптама қорытындылары мен басқа да дәлелдермен толық расталды.
Прокурор сотталушыны мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындамаған және ақтау үкімін сұраған.
Сот сотталушының кәсіби антты бұзғанын қылмысты ауырлататын мән-жай ретінде есептеп, Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, Т. арнайы шенінен айырылды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.


