Бадам өзеніндегі балықтардың неден қырылғаны белгілі болды
Шымкент қаласындағы Бадам өзенінде балықтардың жаппай қырылуына күкірт қышқылы себеп болуы мүмкін. Мұндай алдын ала қорытындыға мамандар су сынамаларына жүргізілген зертханалық талдаулардың нәтижесінде келіп отыр, деп жазады Оinet.kz порталы 24.kz-ке сілтеме жасап.

Зерттеу барысында су құрамынан сульфаттардың жоғары мөлшері анықталған. Бұл өзенде қышқылды орта қалыптасқанын көрсетеді. Экологтардың пікірінше, дәл осы жағдай судағы тірі ағзалардың жаппай қырылуына әкелген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ластану өнеркәсіптік қалдықтардың заңсыз төгілуімен байланысты болуы мүмкін.
Белгілі болғандай, қышқылды ерітінді кәріз жүйесіне ағызылған, алайда құбырдың жарылуы салдарынан улы су өзенге тараған. Судың агрессивті химиялық құрамына байланысты төгіндіні бірден тоқтату мүмкін болмаған. Нәтижесінде бірнеше сағат бойы ластанған ағын сулар Бадам өзеніне құйылып отырған.
Қазіргі таңда тиісті мамандар экологиялық заңбұзушылыққа жол берген кәсіпорынды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, зақымданған кәріз құбырының балансында тұрған ұйым да жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Экология мамандары тұрғындарды қоршаған ортаға бейжай қарамауға және осындай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті органдарға дереу хабарлауға шақырды.
"Департамент мамандары осы мәселе бойынша «Су ресурстары маркетингі» ЖШС тексереді. Су арнасында күкірт қышқылы бар немесе жоқ екені содан кейін белгілі болады. Жалпы ереже бойынша кәріз құбырына күкірт қышқылы ерітіндісін тастауға мүлде болмайды. Оны жоятын жеке тазарту қондырғысы болуы керек», — деді Шымкент қаласы экология департаментінің сынақ зертханасының жетекшісі Ақмарал Нысанбекова.


