Таразда әйел екі баласын бесінші қабаттан лақтырып жіберді
Тараз қаласында әйелдің екі кәмелетке толмаған баласын бесінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Тараз қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады деп жазады Оіnet.kz.

Оқиға Жамбыл облысындағы Төле би даңғылы бойында орналасқан жатақханалардың бірінде болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 36 жастағы әйел 2021 жылы туған қызын және 2023 жылы туған ұлын бесінші қабаттың терезесінен кезек-кезек лақтырып жіберген.
Екі бала да тірі қалып, жедел түрде Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер олардың әртүрлі дене жарақаттарын алғанын анықтаған. Қазіргі уақытта балалар жансақтау бөлімінде жатыр.
Тергеу деректеріне сәйкес, оқиғаға дейін әйел мен оның жұбайы арасында жанжал шыққан. Кикілжіңнен кейін ер адам үйден шығып кеткен. Сондай-ақ әйелдің соңғы жылдары денсаулығына байланысты шағымдары болғаны және күйзеліс жағдайында әрекет етуі мүмкін екені айтылып отыр. Әйел балаларды терезеден лақтырғаннан кейін өзі де секірмек болған, алайда соңғы сәтте тоқтаған.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі («Екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Жан-жақты әрі объективті тергеу нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.


