Шымкентте дендросаябаққа кіруге шектеу қойылды

Oinet.kz 13-02-2026

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қалада қалың қар мен жаңбырға, сондай-ақ ауа райының күрт өзгеруіне байланысты барлық коммуналдық және апаттық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді, деп жазады Оinet.kz.

image.png

Әкімнің айтуынша, көшелер, тротуарлар мен қоғамдық орындар тәулік бойы үздіксіз тазалануда. Қала көшелеріндегі салдарды жою үшін 462 арнайы техника жұмылдырылып, орталық магистральдарды санитарлық тазалауға 5 мыңға жуық жұмысшы тартылған. Қазіргі уақытқа дейін магистральды көшелерден шамамен 1345 текше метр қар шығарылды. Жалпы 34 956 м³ құм және 21 мың тонна тұз пайдаланылған.

Ылғал қардың жабысып қалуы мен жаңбырдың әсерінен ағаштар мен абаттандыру нысандарына түсетін салмақ артқан. Соның салдарынан ағаштардың құлау деректері тіркелген. Қауіпсіздік мақсатында Дендросаябаққа кіру уақытша шектелді. Қазір мамандар ағаштардың жағдайын бағалап, қауіпті бұтақтарды кесу жұмыстарын жүргізуде. Жұмыстар аяқталған соң саябақ қайта ашылады.

Сонымен қатар Жайлау, Көксай, Бозарық және Нұрсәт шағынаудандарында электр қуаты уақытша өшірілген. Электрмен жабдықтауды қалпына келтіру үшін 26 арнайы техника, 16 апаттық бригада және 120 қызметкер жұмылдырылған.

Әкімдік тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Атап айтқанда, саябақтар мен гүлзарларға бармау, ірі ағаштардың маңында тұрмау және көліктерді жасыл желек пен конструкциялар астына қоймау ұсынылады. Қаладағы жағдай тұрақты бақылауда.

Сарапшылар кәсіпкерлерге Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформаның ережелерін түсіндірді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу