Түркістандағы тойхана иелері салықтан жалтарып жүр ме?

Oinet.kz 15-10-2019 2285

Screenshot_12.jpg

Көрнекі фото

Қаптаған тойханалар мен мейрамханалардың салықты аз төлейтіндігі қай уақыттан бері айтылып келе жатқан «жыр». Жыл басында Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер мекемесінің мамандары  кәсіпкерлердің көпшілігінің көлеңкелі экономикада жұмыс істейтінін, табысын жасырып қалуға тырысатындығын, соның салдарынан мегаполистің қазынасы  бюджетке құйылатын миллиардтаған теңгеден қағылып  отырғанын айтып дабыл қағуы осының айғағы. 

Тойхана, мейрамхана иелері салықты нысанның құнына қарай төлейтіндігі белгілі. Осыны жақсы білетін   кәсіпкерлер жекеменшік бағалау компанияларымен «көз қысты, бармақ басты» келісімге бара ма, әйтеуір мүліктің құнын төмендетіп көрсететіні көпшілікке құпия емес. Нәтижесінде салықты аз төлейді. «Жаңа облыс орталығы-Түркістан қаласындағы биіктігі көкпен тірескен, хан сарайындай тойханалардың құнын қасақана 15 есеге дейін төмендетіп бағалатқан»деген ақпаратты естігенде сенер-сенбесімізді білмей олардың қожайындарында тойым бар ма өзі деп кәдімгідей қынжылып қалдық.  Кейбір тойханалардың иелері нысанның бағасын құжат жүзінде 2 миллион, 3 миллион теңге деп көрсеткені шын болса, мұнысын шектен шығу демей не дейміз?Ал қазір 2-3 миллион теңгеге Түркістаннан тойхана түгілі үй салатын тоқымдай жер телімін де ала алмайсыз. Тойхана құны 2-3 миллион теңге дегенге күлесіз бе, жылайсыз ба? 

Айталық  біздегі ақпарат шындық болып шықса, Түркістандағы «Бірлік» тойханасының бар-жоғы 2 миллион теңгеге бағалануы  тіпті таңқаларлық дүние ғой. Егер ертең осындай нысандар бұзылып,  жері мемлекет мұқтаждығына алынар болса, иелері ол үшін өкіметтен қанша өтемақы сұрайтынын кім білсін?!  Енді салықпен байланыстырып салыстырсақ. Облыс орталығындағылар жақсы білетін «Қазақстан» тойханасы 3,5 миллион теңгеге бағаланғаны жел сөз бе, жөн сөз бе?  Мамандардан сұрастырсақ бұл тойхананың шын мәніндегі нарықтық құны 55 миллионнан кем емес  дейді. Егер солай болса, кәсіпкер мемлекетке жылына  17 мың теңге емес 275 мың теңге салық төлеуі тиіс. Ал көптен бері айы оңынан туып тұрған «Айкөркем» мейрамханасы құжат жүзінде  32 миллион теңгеге бағаланғаны рас па?  Алайда осы ғимараттың құны кемі 85 миллион теңге тұрады деушілер де бар. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Егер нысанның құны  85 миллион теңге деп бағаланса, салық көлемі жоқ дегенде 425 мың теңгені құрауы мүмкін екен. Екіарадағы айырма 264 мың теңгені құрайды. Бүйтіп Түркістандағы тойханалардың қайсыбірін тізбелеп айта берейік? Ел аузында айтылып жүрген, бізге де жеткен ақпараттар расқа айналса салықтан қашқандардың мәселесі майшаммен қаралуы қажет. Тойхана иелерінің тойымы жоқтығы әшкереленсе  салықтан жалтарғаны үшін өркениетті елдердегідей қатаң шара қолданған жөн. 

Қолдағы ақпарат рас болса, Түркістан қаласындағы бірқатар тойханалар ғана емес, сондай-ақ  кафелер мен дәмханалар да салықты аз төлеу мақсатында осындай бармақ басты көз қысты  жүйе бойынша жұмыс істейді екен. Нысанның құнын төмендетіп көрсетудің салдарынан бюджет миллиондардан қағылып отырса  қаншама әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына кедергісін келтіріп жатыр  (осындай әр нысанның артында депутат немесе әкімдікте істейтін бір дөкей тұрса, таң қалмаңыз). Бәлкім Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов қанша іскерлігі, білімділігі жетіп тұрса да сондай дөкейлермен, депутаттармен дауласудан, тікелей айқасудан қашып, «іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» деп жүрген болар. Бірақ әкімнің жағында баршаға ортақ заң мен әділдік, ең бастысы мемлекеттік мүдде  бар емес пе? Тойхана иелерінен тойымы жоқтығы расталса,  ондайлармен жасқанбай, жүрексінбей ымырасыз күрес жүргізуге білек сыбанып кіріссе, ертең бюджетке түсетін өзіндік кірістің күрт көбеюінен талай шиеленіскен мәселе шешіліп, талай «жыртық жамалып жоқ бүтінделіп» елдің шексіз алғысына бөленер еді. Әрине, бұл өте өзекті мәселемен тікелей шұғылдану бірінші кезекте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің шаруасы. Түркістан қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасына көңілге кірбің әкелетін мұндай ақпараттардың не жел сөз, не жөн сөз екенін анықтауына, елге ашып айтуына, осыған байланысты заң аясында шара қолдануына не кедергі? Ендеше «Ойнет» ақпараттық порталы құрығы ұзын құзырлы мекемелерден жазылған жайтқа байланысты нендей шаралар жүзеге асырылатынын,  ненің растығын, ненің шындыққа сәйкес келмейтінін, қысқасы «бастан жақты айырып беретін» бір ресми ақпарат, нақты жауап  күтеді. 

Айтпақшы Түркістандағы біршама тойханалардың қызмет көрсету сапасы да сын көтермейтінін көпшілік айтып жүр. Солардың бірі «Бәйтерек» тойханасында той тойлауға барған 70 шақты адамның  уланып қалғанына көп бола қоймағаны  туралы мәлімет  рас па? Рас болса бұған қатысты, өзге де тойханаларда санитарлық талаптардың сақталуы мақсатында  нендей іс-шаралар қолға алынғаны туралы    Түркістан облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін  бақылау департаменті  де ресми жауап берсе дейміз. 

Oinet.kz ақпараттық-сараптамалық порталы

Заявление для средств массовой информации
Департамент басшысының кезекті жеке қабылдауы киелі Отырар ауданында өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу