Қанатбек Досалиев: «Біздің балалар тек бастық болғысы келеді»

Oinet.kz 29-05-2017 1048

Screenshot_7.jpg

Қанатбек Досалиев, Жоғарғы технологиялар колледжінің директоры

Жақында Жоғарғы жаңа технологиялар колледжінде «Дуальді оқыту: Жұмысшы мамандықтарды жетілдіру жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға облыстық білім басқармасының өкілдері, колледж директорлары, қоғам белсенділері арнайы қатысты. Мұнда қазіргі таңда қат болып тұрған және болашақта зор сұранысқа ие болатын мамандықтар, оның ішінде жұмысшы мамандықтары жөнінде ой-пікірлер, ұсыныстар айтылды. 

Сонымен қатар, жақында елімізде Республикалық жұмысшы мамандықтарының құзіретін көтеру мақсатында ТжКБ мамандықтары бойынша «WorldSkills Kazakhstan 2017» ұлттық чемпионаты өткізілген еді. Жиында ОҚО колледждері ассосациясының төрағасы Қанатбек Досалиев аталған чемпионатта жүлделі орындарға ие болған оңтүстікқазақстандық студенттерді марапаттап, былай деді:  

- Жұмысшы мамандықтары Еуропада өткен ғасырдан бері ірі ауқымда дәріптеліп келеді. Нәтижесінде қазіргі таңда Еуропада жұмысшылар (аспаз, құрыылысшы, дәнекерлеуші, токарь т.б) зор сұранысқа ие. Тіпті, жұмысшы мамандар таптырмайды десе болады. Онда оқушылар жаппай жоғары оқу орындарына түсе бермейді. Егер қандай да бір қарым-қабілетке ие болса, мейлі, жұмысшы мамандығы болсын, көбіне сол салаға кетеді. Осылайша, ол өте білікті маман болып шығады. 

Ал, біздің Қазақстанда менталитет мүлдем басқа. Кез-келген ата-ана баласының бастық болғанын, креслода отырғанын қалайды. Жұмысшы мамандығынан намыстанады. Бұл дұрыс емес. 

Меніңше, бізде жұмысшы мамандықтарына насихат жетіспейді. Осы мақсатта біздің облыста колледждер ассосациясы құрылды. Негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарын дәріптеу. Бүгінде жастарды жұмысшы мамандығына қызықтыру үшін түрлі жарыстар ұйымдастырылуда.  «WorldSkills Kazakhstan 2017» жарысында біздің студент жастар өздерінің білікті екендерін дәлелдеп қайтты. Біз жүлделі орындарға ие болған студенттерді және жетекшілерін марапаттадық. Бұл оларды ынталандырады деп ойлаймын. Енді жеңімпаздарды біз Халықаралық деңгейдегі жарыстарға жіберуді жоспарлаудамыз.  

Мен айтар едім, қазіргі заманда жұмысшы мамандығының иесі болған өте тиімді. Бұрын жұмысшы тек қара жұмыс істейтін. Қазір жұмысшы болған оңай емес. Аспаз ісі, киімдерді модельдеу, құрылыс жұмыстары, жеңіл автокөліктерді жөндеу жне қызмет көрсету секілді мамандықтарға ие болу үшін сіздің біліміңіз болу керек. Мұндай мамандарға сұраныс ешқашан жоғалмайды. Әрине, егер осы саланың білгір маманы болсаңыз, - деді.  

Осы чемпионатта «Аспаз ісі» мамандығы бойынша өз шеберлігін жоғары деңгейде көрсете біліп, жүлделі 1-ші орынға ие болған №6 колледж студенті Алтынбек Әбілқайыр өз қуанышын жасыра алмады. Оның айтуынша, аталған жарыс жастар арасындағы жұмысшы мамандығына деген біржақты ескі көзқарасты өзгертуге өз септігін тигізеді. Мысалы, Франция, Италия секілді Еуропа елдерінде аспаздар зор құрметке ие. Онда қолынан бал тамған бесаспап аспаптар жоғары жалақы алады. Әрі жалақылары еркін өмір сүруге жетеді. Мұндай кәнігі аспаздарға 5 жұлдызды қонақ үй, мейрамханалар таласып жатады. Тіпті, біздің еліміздегі көптеген мейрамханалар аспаздарды шетелден арнайы алдырады. Неге аспаздарды өз арамыздан іздемеске? Себебі, бізде мейрамхана талабына сай келетін аспаздар сирек. Тіпті, жоқ десе болады. Гәп мынада: аталған мамандықтарға насихат жетіспейді. Әбілқайыр осындай жастарға берері мол жарыстарды жиі өткізіп тұрған абзал деп  ойын қорытындылады. 

Жұмахан Мырхалықов, ОҚМУ ректоры: «Студенттер ескі көзқарастан арылғаны абзал»
Марапат құтты болсын мейіргерлер!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу