Ұлы ақынды ұлықтаған Президент мақаласын Түркістан халқы ыстық ықыласпен қабыл алды

Oinet.kz 09-01-2020 895

Биыл қазақтың Ұлы ақыны Абайдың туғанына 175 жыл толып отыр. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы жарық көрді.

"Абай Құнанбайұлы  ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды", - деп басталған мақалада Қасым-Жомарт Кемелұлы маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару керек екенін айтты. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланып, ақынның өмірі мен өнері, қазақ мәдениеті мен әдебиетіндегі рөлі туралы бірнеше деректі фильм және "Абай" телесериалы түсірілетіні белгілі болды.

Screenshot_12.jpg

Халқымыздың мақтанышы Абай Құнанбаевтың поэзиясына тереңірек үңіліп, оның ұлы мұратын насихаттауға шақырған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласын Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері де ыстық ықыласпен оқып шыққандарын жеткізді. 

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында абайтану дәстүрін  дәуір талабына сай  жүзеге асыру мақсаты көзделіпті.  Бұл біздің халықты өткеннің ұлағатына құрметпен  қарауға, зерделеуге, сабақ алуға шақырады. Ұлы ақынның мерейтойы қарсаңында той тойлап қана емес,  ой ойлағанымыз ләзім. Ақын, ағартушы,  ойшыл, ғұлама ғалымның шығармаларының мазмұнын  жіліктеп,  бүгінгі қоғамда оны жүзеге асыруға деген талпыныс әрине қуантады.  Өйткені,  Абайды тану деген сөз —өзіңді өзің тану деген  сөз», деп атап өтті тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Хазретәлі. 

«Адамзат тарихында алып ойдың иесі атанған адамдар көп-ақ. Оларды данышпан деп те атайды. Қазақтың сондай данышпан көретін екі адамы болса, бірі – Абай. Жалғыз болса, нақ өзі. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлт басылымы – «Егемен Қазақстан» газетінің 2020 жылғы 9 қаңтар күнгі санында жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы маған үлкен ой салды.

Иә, Абай мұрасы шетсіз де шексіз әлем. Оны оқыту арқылы жастарды имандылыққа, адамгершілікке баули аламыз. Ұлттық сананы сақтау мен оны заман талабына сай бейімдеу қашан да өзекті. Мұны біздің Президент анық түсініп отыр. Кемел болашаққа бет алған жаңа Қазақстан тың серпілістермен биіктерге көтерілуі тиіс. Ал, бұл жолда ұлы дананың ой-тұжырымдары бізге жол көрсете алады, рухани азық болады», деп ағынан жарылған Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбек көпшілік қауымды мақаланы жіті оқуға шақырды. 

Филология ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Тілеубердиев те Президент мақаласына орай жылы лебізін білдірді. «Қазақстан Президенті Абай мұрасының халыққа тигізер пайдасы орасан зор екендігін жан-жақты баяндады. Президент тапсырмасы бойынша биыл елімізде Халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналатын болады. Сондай-ақ, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді деп жоспарланыпты. М.Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы Абай бейнесі көркем образ ретінде әлем әдебиетінде жоғары бағаланғаны белгілі. «Бірақ бұл – Абайды танудың бір қыры ғана» дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қарасөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-маңызы ашылуы керек. Өйткені Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Мақала түйінін осылай қорытуға болады», деді зиялы қауым өкілі. 

«Күллі әлем қазақтың ойшылдығы мен даналығын, мәдениеті мен ұлттық қасиетін Абай арқылы таныды. Сондықтан да Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы бүгінгі ғасырдың көкейкесті мәселесін Абайдың деңгейімен талқыға салған құнды дүние болып отыр», деген тарихшы ғалым, еңбек ардагері Сағынғали Әбубәкіров «Абай қазақтың түпсіз терең теңізі, көкжиегіне көз жетпес кең алқабы, теңдесі жоқ биігі. Мыңмен жалғыз алысқан кемеңгер сан ғасырдың иығына жүк болар ойларымен, ескірмес даналығымен мәңгі жасары анық. Мыңмен жалғыс алысқан ақын тұтас ұлттың ертеңі үшін жаны күйе шырылдаған, қазақтың ұлттық рухы мен табиғи болмысын, дәстүрі мен қасиетін сақтап қалу жолында аянбаған ғұлама», деп жоғары баға  берді.

Доллар тағы да арзандады
Ержан Жылқыбаев атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тетіктерін түсіндірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу