Қазақстанға өзгеше індет ​келді

Oinet.kz 11-02-2020 2016

Қазақстанға жаңа індет келді, деп хабарлайды Oinet.kz порталы inbusiness.kz-ке сілтеме беріп.

паучи.jpg

Қазақстандық жас балалар мен жасөспірімдерге жаңа қауіп төнді. Кейінгі кезде олар «паучи» деп аталатын өнімдермен әуестене бастаған. Саламатты қоғамдар шылым құмарлармен біраздан күресіп келеді. Оларға қоғамдық орындарда, ғимарат ішінде темекі түтінін будақтатуға қатаң тыйым салынды.

Бұл күрес қоғамға жанама қауіп тудырып отыр. Өйткені осы күреске белсене араласқан темекі магнаттары жаңа клиенттер табу үшін тың айла-шарғылар ойлап табуда. Бірнеше жыл бұрын олар сигаретке балама ретінде «вейптерді» нарыққа шығарса, артынша оған IQOS пен насыбайға ұқсас снюс қосылды. Енді бұларды кезекті қауіпті «инновация» ауыстырып жатыр. Шетелдік темекі корпорациясы қазақ еліне никотин сіңдірілген «тәтті жастықшаларды» әкелді.

Заңгер Айбек Камбалиев елімізде паучилердің тіпті өнім түрінде сараланбағанын, қандай да бір санатқа жатқызылмағанын айтады.

«Олар никотиннен тұратын темекі емес өнімдер деп сатылды. Өйткені оның құрамында никотин сығындысы сумен, әртүрлі дәмдеуіштермен және табиғи өсімдік талшықтарымен араластырылған. Сонымен бірге бұл никотин бұйымдары тамақ өнімдеріне тән идентификациялық белгілерге ие. Олар карамель, таскәмпит-леденцы, тәтті жастықшалар түрінде жасалады. Алайда ол тек никотинді ағзаға жеткізуге қызмет етеді. Онда «жастықшаны жұтуға болмайды және жұтып қойған жағдайда дәрігерге жүгіну керек» деп жазылған. Демек, жастықшаларды және ондағы никотинді ас ретінде пайдалануға болмайды, зиян», – дейді ол.

Айбек Камбалиев ресми түсініктеме беруді сұрап, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа хат жолдапты.

Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің мәліметіне жүгіне отырып, паучиге тыйым салынбайтынын, ол тамақ өнімдеріне жатпайтынын білдірді.

«Кеден одағының «Темекі өнімдерінің техникалық регламентінің» 4-тармағына сәйкес, шегілмейтін темекі өнімдеріне соруға, шайнауға, иіскеуге арналған темекі бұйымдары жатады. Ал паучи никотинді организмге жеткізу үшін ауыс қуысында соруға арналған. Яғни, никотині бар темекі емес бұйымға жатады», – деген министр оны жеке санатқа жатқызып, саралаудың қажеті жоқтығын аңғартты.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті никотин – ағзаны қатты улайтын алколоид екеніне назар аудартты:

«Шағын дозада психостимулятор секілді әрекет етеді, ары қарай физикалық және психологиялық тәуелділік тудырады. Ал үлкен дозада жүйке жүйесінің сал-параличіне соқтыратын нейротоксин. Паучи жеміс-жидек, кола дәмі бар кәмпит, карамель, таскәмпит түрінде сатылғанымен, ол тамақ өнімдеріне жатпайды. Себебі, оның ағза үшін ешқандай құндылығы жоқ», – деп түсіндірді комитет.

Әйтсе де, Қазақстанда темекіге тыйым салынбағандықтан, мынаның сатылуы да шектелмейді. Тек саудагерлер балаларға сатпауы керек.

Сарапшылар биліктің темекімен күрестегі ұстанымын «екіжүзді» дейді. Бір жағынан, заң жүгінде темекі шегушілерді шектейтін талаптар енгізіледі. Екінші жағынан, балаларды никотинге қарық ететін жаңа өнімдер саудасын шектеу шараларын қабылдамайды.

«Оқушылардың насыбай ататыны белгілі. Билік насыбайға шектеу қойды. Алайда мысалы, «Артемға» барсаңыз, бірінші қабатынан еркін сатып алуға болады. Қазіргі кезде тағы бір кесір таралуда: америкалық корпорация шығарған паучилерді қызық көрген балалар мектепке әкеліп, достарымен бөлісетін болған. Өнім көз тартардай әдемі қапталған. Жергілікті дүкендерде оны еркін сатып алуға болады екен. Ата-аналар дабыл қағады. Ондай балалармен мектепте әңгіме өткізіледі, сонымен іс тынады», – дейді қала тұрғыны Гүлжиһан Самбурова.

Алаңдататыны сол, осы өнімді шығарушылардың бірі British American Tobacco ЕАЭО аумағында өз тауарын ілгерілету үшін жарнамалық науқан бастаған. Оның барысында паучи «скандинавиялық қарағай мен эвкалипт талшығынан, дәмдеуіштен және никотиннен тұратын өнім» ретінде дәріптелуде. Әрі күлімсі иісі мен қою түтіні будақтаған темекіге балама ретіндегі тек жақсы жағы ғана айтылады. Ал оның ағзаны улайтыны, қатерлі ісік, сал, басқа да ауыр дерттерге соқтыратыны жасырылады.

Тағы бір ерекшелік: егер темекі қорабы сыртында никотиннің қандай кеселге соқтыратынын бейнелейтін адам жүрегін айнытар суреттер орналастырылса, паучи қорабында ол жоқ. Бұл тұтынушыны адастыруы мүмкін. Сондықтан мамандар Үкіметке жүгініп, заңнаманы жетілдіретін шара қабылдауды сұрауда. Әйтпесе, бұрын шылым шекпеген қаншама қазақстандық қауіпті жолға қадам басуы ғажап емес. Онда «Саламатты ұлт» қалыптастыру туралы ұмытуға тура келеді. Мамандар снюстер мен паучилер ауыз қуысында әртүрлі жаралар тудыратынына да назар аудартады. Сондықтан қоғам пікіріне құлақ қойып, мемлекет бір шара қабылдағанша, ата-аналардың өз балалары үшін өз бетінше сақтық шараларын қабылдауы, оларды өзі бақылауы маңызды.

2020 жылы "Рухани Жаңғыру" бағдарламасына қандай өзгерістер енгізілді?
«Шыңжаң» лагеріндегі қазақтар босатылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу