Қашықтан оқыту – тиімді жүйе

Oinet.kz 16-04-2020 1054

Жоғары сынып оқушылары әдеттегідей жыл соңында емтихан тапсырмайтын болды. Бөлім және тоқсан бойынша жиынтық бағалаулар барлық тоқсан бойынша қорытылып, қойылады. Осылардың негізінде жылдық бағалау шығарылып, 9 және 11 сыныптарда қорытынды аттестаттау нәтижесі шығады. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты нақты шешім мамыр айында эпидемиологиялық жағдайға байланысты хабарланбақ. 

Screenshot_4.jpg

Ұстаз – бала жанының бағбаны

Бүгінде Шымкент қаласының 172 мектебі ІV тоқсанды қашықтан оқыту форматында жалғастыруда. Оқушылар телеарналар арқылы білім алып, ұстаздарымен әлеуметтік желі арқылы кері байланыс жасауда. Оқушылардың  96,7%-ы  электронды құрылғылармен яғни,  компьютер, смартфон, планшет тағы басқа да құралдармен жабдықталған  (214 613 оқушы), ал қалған 7 424 оқушының (3,3%-ы)  телеарналар арқылы білім алу мүмкіндігі  бар. 

Білім беру ресурстары толықтырылған «Daryn.online» ,  «Bilimland.kz» интернет платформаларына 100% оқушы тіркелді. Мұғалімдер мен  оқушылар  платформалармен жұмыс істеу әдістемесімен танысып, арнайы нұсқаулықпен дайындық  жұмыстары жүргізілген.  Электронды журналға «Күнделік.кz» – 166 мектеп, ал «І-mektep» – 6 мектеп тіркеліп, оқушыларға тапсырмалар мен бағалары қойылуда. Мұғалімдер шәкірттермен электрондық журналдармен кері байланыс жүргізу алгоритмімен жұмыс істеуде. Мектептердегі қызметкерлердің категориясына сәйкес вибинар сабақтар жүргізілді. Барлық 17 253 мұғалім электронды құрылғылар мен интернет желісімен қамтамасыз етілген. Республика бойынша үшінші мегаполис оқушылары «Bilimland.kz», «Daryn.online» сынды интернет платформаларда білім алу бойынша көш бастап тұр. Ал ұстаздар қауымы екінші орында тұр. «Әлемді дүр сілкіндірген індеттің салдарынан 4 тоқсанды басқаша, әдеттен тыс, таңғажайып пішінде білім алатындары үлкен мәселе деп қобалжумен болдық. Алайда, ақыл-ойы кең дамыған, заманауи технологияны керемет меңгерген ата-аналарым мен оқушыларым тез жиналып, сабақты бастап жібердік. Біріншіден, осы мәселеден, ата-аналар мұғалімдерге жиі қойған сұрақтарына жауапты өздері тапты. Екіншіден, оқушылар өз беттерінше ізденуге талпынуда.Үшіншіден, мұғалімдер ештеңеге қарамастан күні-түні өздерінің мамандықтарын дұрыс таңдағандарының дәлелі ретінде, оқушыларға интернет арқылы сүйіспеншіліктерін ары қарай көрсетуде. Дені сау ұрпақты сақтап, ары қарай дамыту мақсатында үйде боламыз»,- дейді №45 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әсемкүл Мейірбекова.

Оқушылар IV тоқсанды қашықтан тәмамдайды. Олар оқу жылының соңында бір БЖБ мен бір ТЖБ тапсыратын болады. Қорытынды аттестаттау емтихандары өткізілмейді, аттестатқа жылдық қорытынды бағалар қойылады. Сондай-ақ, қазіргі жағдайға орай, үй тапсырмасына байланысты ұғым өзгеруі керек. Барлық тапсырма үй жағдайында өтуде. Сондықтан да, сағаттардың саны көп пәндер бойынша тапсырма беру әдістемелік нұсқаулықтары дайындалуда. Ал кейбір ауызша оқытатын пәндер бойынша үй тапсырмаларын беру басқаша форматта қарастырылуда.

Ата-аналар алғыс айтуда

Қашықтан оқыту жүйесіне ата-аналарға да салмақ түсетіні анық. Қазақстанда алғаш қолға алынған жоба болғандықтан бастапқыда түсініспеушіліктер мен мәселелер туындағаны анық. Ата-аналар тарапынан да үрей болғанымен,  уақыт өте келе қажеттіліктер өтеліп, қиындықтар шешім тапты. Аз қамтылған, интернет желісіне қосылуға мүмкіндігі жоқ ата-аналарға дер кезінде ноутбук пен 2 айлық тегін тариф тапсырылды. «Қашықтан оқытуға көшеміз деген бұйрықты алғанда мұғалім мен ата-ананың ең бірінші уайымы - техникалық оқу құрал-жабдықтарын қалай жеткізсек екен, интернет не болмақ деген сұрақтар еді. Бір үйде 2-3 оқушы балдары бар ата-ана түсінеді. Дегенмен, жоғары қызметтегі басшылар менің барлық сұрақтарымның шешімін тауып та қойған екен. Оқу басталмай жатып мектептен бір ноутбук пен 2 ай интернет желісіне тегін қосылатын номер берілді. Осы тұста, мен №45 мектеп-гимназиясының ұжымына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Министрліктің бұйрығын жүзеге асыру мақсатында атқарылып жатқан адал еңбектеріңізге, ақ ниеттеріңізге үлкен рахмет», - дейді қала тұрғыны Роза Ердесова.

Ата-аналар тарапынан алғыстар көптеп келуде. Дәл қазіргі еліміздің басына туған қиын шақта қашықтан білім алуға позитивті көзқарасты қалыптастыруға тырысу керек. Мектепке барып, білім ордасында білім алмаған бала үшін үйде отырып сабақ оқу оңайға тимесі анық. Балаға мотивация беріп, эмоционалдық қиындықты білдірмей, отбасылық татулықты ұстану ауадай қажет. Және оларды қадағалап, ұстаздың тәртібіне көшіп, баланың бағдарламадан қалып кетпеуін назарда ұстаған жөн. «Төтенше жағдайда білім алу кезінде балаларымыз Daryn.online, Bilimlend патформаларына тіркелді. «Балапан», «Еларна» телеарналары арқылы сабақтар жүргізілді. Сабақ уақытында аталған платформалардан ұстаздардың жіберген видеоларын қарап, мазмұнын тыңдап, тапсырмаларды уақытылы орындап отырды. Апайлары тынбай еңбек етіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді», - дейді шымкенттік тұрғын Батпа Бабакулова. Ата-аналар үшін қашықтан оқытудың тиімді тұстары да айқын екен. Мәселен, музыка пәнінде үйдегі әжелеріміз немерелерімен қосылып, қазақтың ұлттық әуендерін шырқап серпіліс тауып жатар. Үйдегі бүдіршіндермен қосылып, денешынықтыру сабағын қоса орындап, салауатты өмір салтын ұстанып, өзге ата-аналарға үлгі болып отырған отбасылар да бар. 

Сонымен қатар, балаларымызға дұрыс білім беру үшін бірінші кезекте «күн тәртібін» жасап алған дұрыс. Мектеп уақытындағы оқушылар ойын баласы болғандықтан, үйде білім алу оңайға соқпасы анық. Дәл сабақ уақытын есте ұстап, алдын-ала 1-1,5 сағат бұрын ескертіп, оқушының сабаққа дайындығын пысықтау керек. Балаға білім алу жағдайын жасап, мезгілінде тамақтандырып, ерте ұйқыға жатқызу, таңертең ерте тұрғызып, телеарналар арқылы сабаққа дер кезінде дайын болуын қамтамасыз ету де маңызды. 

Оқушылар өз мектебін аңсайды

Әлемді дүр сілкіндірген індет адамдардың бойына үрей ұялатты. Көктем келе салысымен қыстан шыққан балалар далада асыр салып ойнаушы еді. Енді тіпті таза ауа жұтуға қорқып қалды. Қазір барлығы үшін үйде отырған абзал. Шымкенттік оқушылар да төтенше жағдай режимін сақтап, үйден шықпай сабақтарын орындауда. Оларға үйден білім алу қиындық туғызып жатқан жоқ сыңайлы. Әсіресе 11-сынып оқушылары үйде отырып-ақ тест сұрақтарын жаттап, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуда. 

«Әрине, мектепте оқығанға жетпейді. Бірақ дәл осындай жағдайда қиындықты бірге еңсереміз деген ниетпен әлеуметтік желі арқылы ұстаздарымыздың берген әрбір тапсырмасын орындап жүрміз. Осы тұста №83 жалпы орта білім беретін мектебінің ұстаздарына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Себебі, қолдарынан келгенше бізге дәрістерді түсіндіріп, слайд, видеоролик, ғаламтордағы қосымша мәліметтер арқылы оқушыларға ұғындыруға тырысып бағуда. Өзім секілді оқушыларға айтарым, апайларымыздың айтқанын орындайық. Бұл қиындықты да бірге еңсереміз деген үміттемін», - дейді 11-сынып оқушысы Мөлдір Ибадуллаева. Қазіргі таңда ол сабақты да жібермей көріп, мұғалімдердің тапсырмасын уақытылы орындап, әрі ҰБТ-ға дайындығын үзбей жүр. 

«Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме» деп Абай атамыз айтып кеткендей бұл қиындықтан да өтеріміз анық. Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы екенін естен шығармаған мектеп оқушылары жарыса өлең жаттауда. Ұлы ақынның алдындағы парызын орындап, жаппай өлең оқып, әлеуметтік желілерде бөлісуде. 

Қашықтан білім алудың алғашқы аптасының қорытындысымен біршама жетістіктер мен кемшіліктер байқалды. Ата-аналар мен оқушылар тарапынан ұсыныстар мен сұрақтар туындап жатқанын ескеріп, қалалық білім басқармасы сұрақтарға жауап беруді қолға алған еді. Сұрақтарға жауап ізделіп, ұсыныс-пікрлер сараланып, ары қарай сапаға бағытталған жұмыстар ұйымдастырылатын болады. Осы орайда Шымкент қаласының білім басқармасы жанынан Call-центр құрылғанын айта кетелік. Жұмыс сымтетігі - 8 7252 39-49-26, ватсап, телеграмм: +7 702 770 16 00, +7 701 158 05 55, +7 702 253 96 47, +7 701 131 41 31. Арнайы мамандар барлық сұрақтарға жауап беруге тырысады.

Коронавирустың қандай температурада өлетіні анықталды
Психологиялық тест: «Қолшатырдың бірін таңдаңыз!»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу