Қызметкер ақысыз демалысқа шықпай 42 500 теңге алса заңсыз болып есептеледі

Oinet.kz 20-04-2020 1134

Жалдамалы қызметкер ақысыз демалысқа шықпай 42 500 теңге алса заңсыз болып есептелінеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

image.png

- «Жалдамалы жұмыс істеп жүрген қызметкерлер 42 500 теңгені жұмыс берушілері мәжбүрлі түрде ақысыз демалысқа жіберген болса ғана ала алады. Басқа жағдайда 42 500 теңгені алуға болмайды. Оны біз осы күнге дейін түсіндіріп келдік. Егер жұмыстан шығып кетсе, оған жұмысынан айырылуына байланысты 6 айға дейін төленетін басқа төлем бар. Ол үшін ресми жұмыссыз ретінде тіркелуі ғана жеткілікті», - деді министр. 

Осы ретте ол ақысыз демалысқа шықпаса да 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлем алып жатқан жалдамалы қызметкерлердің анықталып жатқандығын айтты. Оның түсіндіруінше, әлеуметтік төлем беру ережесі әзірленген кезде жұмыс берушілерге өздерінің жұмысшыларын ақысыз демалысқа жбергені жөнінде бұйрықтарын тіркеу немесе банктік есепшоттарында ақшаларының жоқтығын дәлелдеп құжат ұсыну талабы болған. Бірақ, қоғамның талабымен, халықтың айтуымен Еңбек министрлігі мұндай талапты алып тастап, хабарландыру тәртібіне көшкен. 

- «Сөйтіп өтініш берген кезде төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғанын көрсету қажет болды. Біз ол өтінішке сеніп төлем жасадық. Бірақ, тәртіп болуы керек. Егер заңда, біздің түсіндірмелерімізде тек ақысыз демалысқа кеткен кезде төленеді делінсе, онда ол тәртіпті сақтау керек. Сонықтан тағы да айтамын, жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерліктерге, өзі бетінше ресми не бейресми жұмыс істеп жүргендерге қатысты еш проблема жоқ. Уайымдамаңыздар, ешқандай ақша қайтару, не тексеру, тергеу болмайды. Ал жұмыс берушілері мәжбүрлі ақысыз демалысқа шығармай тұрақты жұмысы жүріп, тұрақты жалақы алып жүргендердің әрекеті заң бұзушылыққа алып келеді. Ол дұрыс емес», - деді Еңбек министрі. 

Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, 42 500 теңге әлеуметтік төлемі Мемлекеттік сақтандыру қорынан төленіп жатыр. Дәл осы қор зейтақылар мен жәрдемақыларды, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне қатысты берілетін жәрдемақыларды төлеп келеді. Сондықтан бұл қор 42 500 теңге әлеуметтік төлемді заңсыз алғандардан қаражатты қайтаруды талап етеді. 

- «Мемлекеттік сақтандыру қоры қаражатқа жауапты болғаннан кейін ақысыз демалысқа жіберілмегендерге сұрау жіберіп, ақшаны қайтаруды талап етеді. Сондықтан тағы қайталап айтамын, тек қана жалдама қызметкерлер ақысыз демалысқа шықпағандарға сұрақ бар. Олар заңсыз алған», - деді ол.

Министр 42 500 теңге неге барлық адамға бірдей берілмейтіндігін айтты
«Біз бал жеп жүрген жоқпыз»: Нұрлан Еспанов көзіне жас алды (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу