Мұсылман елі шегірткемен күресудің тың тәсілін тапты

Oinet.kz 17-06-2020 964

Пәкістан шегірткелер «жорығынан» қатты зардап шегіп отырған ел. Онсыз да азық-түлік қауіпсіздігі сын көтермейтін кедей ел жолындағысын жайпап кететін зиянкес жәндіктермен күресудің, дәлірегі, шегірткемен күреске ынталандыратын өзгеше шараны қолға алып жатыр. Аталған елдің премьер-министрі Имран Хан Пенджаб провинциясында қолға алынған жобаны кеңейтуге қатысты жоспарды мақұлдады. Яғни, аталмыш провинция тұрғындары шегірткелерді өлтіріп, кептіріп, ұсақтап, үй құстарына жем ретінде тиісті орындарға өткізіп ақша тауып жүр. 

Шегіртке жайлы қызықты деректер

Осы орайда пәкістандық шаруалар мен дихандардың шегірткелермен айқасып келе жатқанына бақандай ширек ғасыр толғанын айта кетпекпіз. Пәкістанның азық-түлік министрлігінің биотехнологы Жоһар Әлі азаматтық соғыстан титықтаған Йемен тәжірибесіне сүйене отырып, арнайы бағдарлама дайындаған болатын. Яғни, аштық жайлаған кезде ақуызға бай шегірткені ел тұрғындарына азық ретінде тұтынуға Йемен билігі рұқсат етіп отыр. Пәкістандықтар оларды қалай аулайды? 

Шегірткелер дамылдау үшін ағаштар мен өсімдіктерге қонады. Түнде ауа температурасы төмендейтіндіктен, яғни, салқындағанда аптап ыстықта белсенді әрекет ете алатын шегірткелер қимыл-қыбырсыз қалады. Бұл жергілікті шаруалардың шегіртке аулау жұмысын жеңілдетеді. Бір келі шегірткеге 20 рупи (пәкістанның ұлттық валютасы) беріледі. Аталған провинцияда 20 тонна шегіртке өткізілген. Қаптың түбі көрініп, қаржы таусылуға айналғанда аталмыш бағдарламаны тоқтатуға мәжбүр болды. Ендігі жерде бұл бағдарламаны елдің өзге түкпірлерінде қолданып көрмек. Ауланған шегірткелер Hi-Tech Feeds деп аталатын Пәкістандағы жануарларға арналған жем өндіретін компанияға өткізіледі. Бұл компанияда бүгінгі таңда тауықтарға берілетін соя жемінің 10 пайызын шегірткелер алмастырған. 

Әлбетте, бұл шара шегірткемен күресте проблеманы толық еңсеруге мүмкіндік бермесе де шегірткеден зардап шеккендерге көмегін тигізуде. Яғни, шегірткеден келген шығынның орнын шегірткенің өзімен толтыруға мүмкіндік беріп отыр. Дәлірегі, қосымша табыс көзін тауып берген бағдарлама болды. Аталған елде шегіртке «жорығынан» төтенше жағдай жарияланып, халықаралық қауымдастықтан көмек сұрауға мәжбүр болып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының келтірген дерегіне қарағанда, Пәкістан шегірткенің кесірінен шамамен 5 млрд доллар шығын көреді. Дәнді дақылдардың 25 пайызы зардап шекпек. Бұл өз кезегінде азық-түлік тапшылығын тудырып, бағаның шарықтауына апарып соқтырады.

Шымкентте жаппай төбелестен көз жұмған бозбаланың анасы іштегі күйінішін жеткізді
Берік Уәли Президент Тоқаевтың денсаулығы туралы баяндады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу