Есбаев отставкіге арыз жазады

Oinet.kz 18-06-2020 975

«Рейтинг» газетінің өткен нөмірінде біз Келес ауданында сыбайлас жемқорлықтың өршіп кеткені, жұмыспен қамту бөлімінің,  бір  ауыл әкімінің парамен ұсталғанын, аудандық білім бөлімі басшысының пара берді деген іс бойынша жауап беріп жатқанын жариялаған едік. 

image.png

Ауданда тағы бір бөлім басшысының 30 миллион теңге парамен ұсталғаны туралы алып-қашты әңгіменің рас-өтірігі туралы әзірге ресми мәлімет жоқ. 

Осы ақпараттардың ізін ала әлеуметтік желіде Келес аудандық спорт бөлімі басшысының бір миллион теңге парамен ұсталғаны туралы мәлімет таратыла бастады. Антикор мен аудан әкімдігі үнсіз. Не растаған, не жоққа шығарған жауап жоқ. Бұл «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегенді аңғатқандай. 

Келесте болып жатқан жағдайлардың бәрі аудан әкімі Ақментай Есбаевтың карьерасына кері әсерін тигізері анық. Сенімді ақпарат көздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, қазірдің өзінде Есбаев отставкіге арыз беретін шенеуніктердің тізімінде тұр. Ұсталған ауыл әкіміне үкім шығып, заңды күшіне енген соң, талап-тәртіпке сәйкес отставкіге өтініш беруге міндетті. Егер ауыл әкімінің ізін ала үш бірдей бөлім басшысының ісі сотқа берілсе, Есбаевтың жағдайы тіптен қиын. Отставкіге арызды қайта-қайта жаза беру Есбаевтың өзіне де ауыр соғары айтпаса да түсінікті ғой. 

Жалпы, Келес ауданында соңғы уақытта сыбайлас жемқорлық қылмыстың, шенеуніктердің парамен ұсталуының жиілеп кеткенін немен түсіндіруге болады? Мұны түсіну онша қиын емес сияқты. Келес ауданы 2018 жылы құрылды. Ақментай Есбаев өз алдына қайтадан отау тіккен ауданның алғашқы әкімі саналады. Жаңа әкім орынбасарларынан бастап шаруашылық меңгерушісіне дейін өзі тағайындады. Яғни, бүгін былық-шылықа белшесінен батып, бүкіл Келестің атын дүркіретіп жатқандардың барлығы да Есбаевтың «өз өнімдері» десек қателеспейтін сияқтымыз. Сонда аудан әкімі айналасына өңшең жемқорларды жиып алғаны ма? 

Кейбіреулер кінәнің бір ұшын аудан әкімінің өзіне барып тірейді. Аудандағы бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалатыны белгілі. Ал сол әлеуметтік саланың   негізгісін білім бөлімі құрайды. Аталған бөлімнің бас есепшісі лауазымын аудан әкімінің құдасы атқарады деген ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынына алдағы уақытта журналистік зерттеу жүргізбек ойымызда бар. Егер шындық болса, бұл сыбайлас жемқорлық туралы талап-тәртіпке сай келе ме? Аудан әкімі болып істейтін бас құдасына арқа сүйейтін бас есепшінің «құда болсаң шыда» деген қағидамен жұмыс істеп жүрмегеніне кім кепіл бола алады?

Кадрлық салада осындай қателіктерге жол беріп жүрген Есбаевтың отставкасы автоматты түрде қабылданып жатса, таңқалмаймыз. «Көтере алмас шоқпарды белге байлап» атыңнан абыройсыз жағдай ауып түсу дегеніңіз өте өкінішті жайт. Не де болса әліпті артын бағып көрелік.   

Вице-премьер Ералы Тоғжановтан коронавирус анықталды
Әкімдердің рейтингісін зейнеткерлер бастады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу