Б.Сапарбаев: Жас кезімізде мұндай трактор болған жоқ

Oinet.kz 05-11-2020 862

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «АгромашХолдинг KZ» АҚ шығарған жаңа LOVOL тракторының рөліне отырып, ескі ауылшаруашылық техникаларын жаңарту және қалпына келтіру бойынша trade-in бағдарламасын іске қосты.

Бердібек Сапарбаев.jpg

Қазіргі таңда облыстың аграрлық саласы шаруа қожалықтардың ұсақтығы мен техникалардың тозуы секілді екі негізгі проблеманы бастан өткеруде.  Бүгінде өңірдегі 18 мың бірлік техниканың  15 мыңнан астамының немесе 80 пайызының пайдалану уақыты 10 жылдан асқан. Осы орайда облыс әкімінің бастамасымен әр ауданда ірі ауылшаруашылық холдингтері құрылуда және  жетекші қазақстандық өндіруші компания – «АгромашХолдинг KZ» АҚ-мен тығыз ынтымақтастық орнатылған. 

Trade-in жобасы шілде айының ортасында «Тараз» ӘКК, «Агромашхолдинг KZ» АҚ және Өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында жасалған меморандумның арқылы жүзеге асып отыр. Ынтымақтастықтың нәтижесімен 49% әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға және 51% «АгромашХолдингке» тиесілі «ТаразРемСервис» бірлескен кәсіпорнын құру көзделген. Бұл кәсіпорын шаруалардан ескі техниканы қабылдап, оның орнына шаруаларға өте қолайлы шарттармен жаңа трактор береді, ал ескі техника алғашқы жарна ретінде пайдаланылады. Сондай-ақ, кем дегенде 50 тұрақты жұмыс орны құрылады. Алдын ала мәліметтер бойынша, МТЗ шамамен екі миллион теңгеге бағалануда. Қазірдің өзінде мұндай он екі техника жөндеуге жіберілуде. Олардың бірқатарының пайдалану мерзімі тіпті 40 жылға жеткен. Жастар аллеясындағы алаңға қойылған ескі техникалардың қасында құны 10,3 миллион теңгені құрайтын жаңа LOVOL тракторлары расында көз сүйсінтеді. Сонымен қатар, "Агробизнес" бағдарламасы аясында шаруалар жаңа техника құнының 25% мөлшерінде субсидия алады. Осылайша, сол LOVOL тракторын сатып ала отырып, тек 4,5 миллион теңге ғана төлейді, ал қалған сома жылдық бес пайызбен бес жылға лизингке ресімделеді. 

Облыс әкімі ескі тракторларды да, жаңа тракторларды да бағалап, шаруаларды әңгімеге тартты. Ол 1980 жылғы ескі МТЗ техникасын байқап, жаңа LOVOL тракторын жүргізіп, сынап көрді. Жаңа трактор кондиционер және жылыту пешімен жабдықталған, сырт көрінісі тартымды әрі жолда ыңғайлы жүреді. «Біздің совхозда жұмыс істеген жас кезімізде мұндай заманауи тракторлар болған жоқ. Кеңестік техниканы жүргіздік. Кез-келген мемлекеттің міндеті – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық секторды дамытуға айрықша назар аударуда. Түрлі мемлекеттік қолдау бағдарламалары жүзеге асып, субсидиялар бөлінуде.  Жамбыл облысы еліміз бойынша алғаш рет ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту үшін trade-in әдісін қолдана бастады. Жыл соңына дейін біз 100 бірлік ескі техниканы қабылдап, шаруаларға сонша жаңа техниканы ұсынбақпыз. Болашақта өз өндірісімізді құруымыз қажет», - деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы үш жылда өңірде ауылшаруашылық техникаларын жаңарту қарқыны екі еседен астамға, яғни 4-тен 10 пайызға дейін артқан.

Манкент ауылының тұрғыны С.Болусов Мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көруде
Таразда құрылыс қарқыны баяу
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу