Қарағайлы қыстауында жоғалып кеткен 2 бүлдіршін табылды

Oinet.kz 12-12-2020 3927

Түркістан облысы Арыс қаласынан 40 шақырым жерде Қожатоғай а.о. маңында орналасқан «Қарағайлы» қыстауынан 11.12.2020 жылы сағат 15:00 шамасында 2012 жылы туған Жұманиязов Ақжігіт пен 2015 жылы туған Жұманиязов Нұржігіт есімді екі бала қыстау маңында ойнап жүріп, белгісіз бағытқа кетіп, қазіргі уақытқа дейін оралмаған еді. Бүгін жоғалған балалар табылды. Бұл туралы Түркістан облысының полиция департаментінің баспасөз қызмет хабарлады. 

Жоғалған балалар.jpg

Жоғалған балалар ауыл.jpg

Бір күннен бері екі бала із-түссіз жоғалып кетіп, Түркістан облысының жұртын дүрліктірген болатын. Арыс қаласынан 40 шақырым жерде Қожатоғай а.о. маңында орналасқан «Қарағайлы» қыстауынан 11.12.2020 жылы сағат 15:00 шамасында 8 жастағы Жұманиязов Ақжігіт пен 5 жастағы Жұманиязов Нұржігіт есімді  қос балақай  жоғалған болатын. Бұл туралы олардың анасы жергілікті тұрғын Арыс аудандық полиция бөліміне арызданған.

Арыз бірден тіркеуге алынып, ауа райының құбылуы мен қос балақайдың жас шамасы ескеріліп, оларды тез арада табу үшін Түркістан облысы Полиция департаментінен тәжірибелі полицейлер, яғни криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері аттанған болатын. Оған қоса жан-жаққа балалардың айрықша белгілері бойынша хабарламалар таратылды. Әскерилер мен еріктілер де жұмылдырылды. 

Олардың барлығы жаяу аймақтың әрбір түкпірі мен шұңқырына дейін тінтіп шықты. Қажетті деген шаралардың барлығын атқарды. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде, бір тәуліктен соң бүгін міне екі бала да дін аман табылды.  Қарындары ашып, суыққа тоңып жаурап қалған балаларды Арыс АПБ ювеналды полиция инспекторлары қора-жайдан 10 шақырым жердегі шұңқырдан тапты.  

Ойнап жүріп үйлерінен шыққан бағыттан адасып кеткен балалар тамақтандырылып, қажетті көмек көрсетіліп, қазіргі уақытта ата-анасына дін аман табысталды.

Түркістан - Cарыағаш: Үміткерлер сайлаушылардың пікірін тыңдады
Орташа мөлшері 490 мың теңге: Қазақстанда декреттік төлем қалай тағайындалады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу