Оғыз Доған: «Түркі одағы құрылса, түркілердің ұтары көп болмақ

Oinet.kz 20-01-2021 4095

Әлемдегі геосаяси жағдайдың қай кезде де құбылып тұратыны мәлім. Қазіргі ахуал да тыныш емес. Ал мұндайда сөз сөйлері, арқа тұтары бар мемлекеттерге жеңілірек. Осы орайда кейінгі кездері түркілердің бірігіп, Түркі одағын құруы қажеттігі жайында жиі айтылып жүр.

Оғыз Доған.jpg

Экономикалық қуаттың артуына жол ашады

Таяуда Ресей Мемлекеттік Думасының кейбір депутаттары Қазақстанның территориялық тұтастығына нұқсан келтіретін, елдің, қазақ ұлтының намысына тиетін сөздер айтқаны белгілі. Оларға Ресей билігі тарапынан мұндайды қойыңдар деп тыйым салған жан болмады. Осының өзі көп қазақтың көзін ашып, ел қауіпсіздігі мәселелерін қай кезде де қаперде ұстау керегін мықтап тұрып еске салды. Бұл күндері бірқатар Түркия азаматтарының, түрік бауырларымыздың әлеуметтік желілер арқылы Ресейге сес көрсетіп, «Қазақстаннан қолыңды тарт!» деп ескерткенін жұрт біледі. Жиырма жылдан бері Қазақстанмен ынтымақтастық бағытта жұмыс істеп жүрген Түркия азаматы Оғыз Доған да бұған байланысты үн қатып, өзінің пікірін білдірген болатын. Түркілер одағын құру туралы әңгіме көбейіп тұрған тұста біз де О.Доғанмен хабарласып, осы мәселені бір қаузап қоюды ұйғардық.

Біздің бірінші сұрағымыз «Түркі одағы құрылса, ол түркілерге қандай игіліктер береді?» деген мәселе төңірегінде болды. Бұған байланысты О.Доған былай деді:

«Біріншіден, ол түркі халықтарына рухани күш береді. Мысалы, өз аға-іні, әпке-қарындастарынан, ата-анасынан хабар алып тұру, үйлеріне барып, араласып тұру адамға қуаныш сыйлайды, рух береді емес пе? Адам өзін бақытты сезінеді. Бұл да сондай, түркілер одағы түркі халықтарын рухани жағынан қуаттандырады.

Бұл өзі бүгін ғана туындап отырған әңгіме емес, түркілердің жадында ежелден жүрген мәселе ғой. Ол туралы Білге қаған айтқан, Ақсақ Темір де біріктіргісі келген, Абылай хан, Кенесары хан, Алаш зиялылары армандаған, Ататүрік те осыны қалаған. Бір кездері бөлініп, тарап кеткен түркілердің бірігуі бауырлардың бірге жүргеніндей, бірігіп әрекет еткеніндей берекелі нәрсе ғой.

Түркі халықтарының одағы түркілерге бірнеше артықшылықтар береді. Осының экономикалық жағын алып қарайық. Түркі мемлекеттерінде табиғи байлықтар көп. Мысалы, Қазақстанда мұнай мол, Түркіменстанда газ көп, Әзірбайжан да мұнайға бай, Түркияның жері құнарлы, табиғаты әсем, туризм жақсы дамыған, теңізге шығар жолдары бар деген сияқты артықшылықтар жетерлік. Кей елдерге нәсіп етпеген нәрселер бізде баршылық. Сол себепті біздің жан-жағымызда сол табиғи байлықтарды арзанға алғысы, ұрлап иемденгісі келетіндер көп. Ал түркілер одағы құрылса, осындай игіліктерді ортақтаса отырып дұрыс пайдалануға, нарықта өз қалауымызша саудалауға жол ашылар еді. Яғни Түркі одағы бізге экономикалық жағынан тиімді болып, қуатымызды арттыра түсер еді».

Қауіпсіздікті нығайтуға пайдалы

Осы орайда О.Доған Түркі одағының мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де маңызды болатынын атап өтті. Оның бұған байланысты пікірі мынадай:

«Түркі елдері одақ құрса, ортақ әскер де құрылар еді. Тұран армиясын құрудағы мақсат – өзге елдерге басқыншылық жасау емес, Түркі одағына кіретін елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өйткені түркі мемлекеттерінің айналасында олардың жеріне көз алартатындар баршылық.

Кешегі күні кейбір Ресей депутаттарының Қазақстанға, Қазақстан жеріне қатысты не айтқанын білесіздер. Қытай да Балхашқа дейінгі жерлер біздікі деп ашық айтып жүр. Сол сияқты Түркияның жеріне көз тігіп жүргендер де бар. Мысалы, гректер Түркия жерінің жартысын иемденгісі келеді, күрдтер елдің оңтүстік-шығысын, армяндар шығыс аумағын алғысы келеді. Мұндай мәселені ашық айтып, мемлекеттік деңгейде қозғап жүргендер бар.

Демек, қорғану керек, түркілер бір-біріне демеу болуы қажет. Мысалы, бала ағасымен бірге жүрсе, оған тиісуді ешкім де ойға алмайды ғой. Сол сияқты, түркілер біріксе, өзгелер тиісе алмайтын болады. Түркі одағына армия басқа мақсат үшін емес, қорғаныс үшін керек. Бұл – Түркілер одағының екінші үлкен пайдасы».

Одақта тең құқылық сақталады

Түркі одағы пайда болса, түркілердің әлемдік саясатта алар орны да нығая түспек. Көптеген маңызды, өзекті шешімдердің қабылдануына атсалысуға кеңінен жол ашылады.

«Қазір мұндай одақтар баршылық қой. Мысалы, Еуроодақты алайық. Оның құрамындағы елдердің көбі бір-бірімен туыс емес, ұстанатын дінінде де айырмашылықтар бар. Еуропа мемлекеттері бір-бірімен ғасырлар бойы жауласып келген. Германия мен Францияның соғыстары жүздеген жылдар бойы жүрген. Ал қазір Еуропа мемлекеттері бір одақ құрамында өздерінің экономикалық дамуына, өркениетінің алға басуына бірлесе атсалысып келеді. Ортақ валютасы, НАТО әскери одағы бар.

Ендеше түбі бір, діні, тілі бір түркілерге неге біріккен одақ құрмасқа? Осы орайда кей адамдар оны бұрынғы КСРО сияқты көріп, орыстардың боданынан әзер құтылғанда енді басқа біреулердің қол астына кіру неге керек деген сияқты сөздер айтып жүр. «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, күдіктеніп, күманданып жүргендер бар. Бірақ Түркі одағы ондай болмайды ғой, оның құрамына кірген елдердің егемендігіне нұқсан келмейді. Адам санына немесе жерінің үлкендігіне қарап біреуіне артық құқық берілмейді, бәрі тең құқықты болады, ортақ шешімдер жасайды.

Осы орайда бір жай есіме түсіп отыр. Мен ілгеріректе Алаш зиялылары шығарып тұрған «Қазақ» газетінен бір қызық мақала оқығанмын. Оның нақты авторы көрсетілмепті, соған қарап ондағы айтылған ой Алаш арыстарының ортақ пікірі болған деген ой қорыттым. Онда: «Алаш кім?» –  деген сұрақ қойылады, сосын: «…Сен сол Стамбұлды алған түріктің үлкен ұлысың. Стамбұл – сенікі», – деп айтылады.

Расында Стамбұлды кім алды, қазақтың ата-бабалары алды ғой. Ендеше қазақ азаматы Стамбұлға барғанда неге ол үшін виза алуы керек? Осы жағы әділетсіз, дұрыс емес, ақылға қонымсыз. Мен неге Қазақстанға келгенде виза алып, оның уақыты біткесін елден шығып кетуім керек? Неге визаға бас ауыртуымыз керек? Қазақ, өзбек, тағы басқа түркілер Стамбұлға, Анкараға барғанда неге визаны қалай аламын деп, оның мерзімін өткізіп алып кінәлі болып қалмайын деп ойлауы керек? Бұл әділетсіздік қой. Өйткені Түркия – қазақтың да жері, рухани жағынан осылай. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентті мен қалай өз жерімдей сезінсем, қазақ та, басқа түркі баласы да Стамбұлды, Измирді солай өзінің жері сезінуі керек.

Біз неге виза мәселесіне бас қатыруымыз, шекарадан өткен кезде валюта ауыстырып әуре боламыз? Алдағы уақыттарда осындай проблемалар шешіліп, елдер арасында тек куәлікпен ғана жүре аламыз деген сенімім бар.

Түркілердің одағынан қорқудың қажеті жоқ, өзгелер де қорықпаса болады. Өйткені түркілер – әділетті, әділетке үйір халық, сондықтан бізден ешкім де жамандық көрмейді. Мұны басқа ұлттар арасында дәріптеп, жиірек айтып жүрген дұрыс», – дейді О.Доған осы орайда.

Азаттыққа, еркіндікке ұмтылу сезімі ешқашан да өшпейді

Ұлттық, мемлекеттік мәселелер қашанда көпшіліктің көкейінде жүреді, бұл жайында әңгіме қозғай қалсаңыз, пікірлес табу қиын емес. Осы орайда О.Доғанға хабарласып, онымен пікір бөлісіп тұратын жандар көп, соның басым бөлігін қазақтар құрайды екен.

«Оқырман, көрермендерімнің көбі қазақтар, – дейді ол бұған байланысты. – Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Түркиядан, Ресейден де хабарласатындар бар. Әсіресе татар бауырлардың Қазақстанға көп назар аударатыны, көп үміт күтетіні аңғарылады. Олар Қазақстан қуатты болса, туыс халықтар тағдырына бейжай қарамасын біледі. Бұл түсінікті де. Өйткені татар тілі жағынан қазаққа жақын ғой, жақын араласуға мүмкіндіктері де баршылық. Кезінде орыстар Орынборды неге алып қойды дейсіз? Ол Қазақстанның алғашқы астанасы болды емес пе? Орынборды Ресейге қарату арқылы орыстар қазақ пен татардың арасын алыстатуға тырысты.

Қазір ХХІ ғасыр, империялар дәуірі өтті. Енді ешкім де бұрынғыдай бір елді өзіне бағындырып, қанап ұстай алмайды. Азаттықты, еркіндікті аңсау, соған ұмтылу ұлт санасынан ешқашан да өшпейді, халық азат болуға ұмтылады. Сол сияқты Ресей құрамындағы түркілер де еркін ел болуды қалайды. Оларды Ресей бірнеше жылдар бойы ұстап тұрар, бірақ мәңгілікке ұстап тұра алмайды. Мысалы, Қарабақтағы жағдайды алайық, ондағы бауырларымыз өз жерін қайтарып алды ғой. Негізі Ресей өзінің бұрынғы ата мекен, территориясына шегінуі керек. Өйткені империялардың дәурені өтті, қазір жағдай мүлде басқа.

Қазір түркілер бірлігі идеясынан шошынып, одан қорқып жүргендер бар. Мысалы, Ресей, Қытай, АҚШ сияқты ммелекеттер түркілердің біріккенін қаламайды, одан қорқады. Себебі түркілер біріксе, кеудесін ешкімге бастырмайды. Ұры, қарақшылар кімді жек көреді? Олар полицияны жек көреді. Өйткені полиция оларға қалағанынша ұрлық, қарақшылық жасап, өзгелерге тізесін батыруға мүмкіндік бермейді. Түркілер одағы да сол сияқты, одаққа біріксе, ондайлардың әлсіз елдерге күш көрсетуін тоқтатады. Кейбіреулер осыны сезіп, үрейге беріліп жатыр. Бұл біздің алған бағытымыздың дұрыс екенін көрсетеді.

Біз біріксек, қуатты болсақ, өзгелерді де қорғай аламыз. Пәкстан мемлекетін білесіздер, кезінде Үндістаннан бөлініп шыққан. Мұсылман мемлекеті болғанымен бізге туыстығы жоқ. Бірақ сол Пәкстан халқы түркілерді өздеріне жақын тұтады, түркілерден үміт күтеді. Өйткені олар түркілердің адамгершілік қасиетін, әділетті екенін біледі. Сол сияқты қандай да бір әлсіз ел болса, олар түркілерден үміт күтеді, түркілер одағы құрылса, олар шын ниетімен қуанады.

Ресейдегі, Қытайдағы бауырларымыз да бізге арқа сүйейді, бізден үміт күтеді. Иранда да 40 миллион түркілер тұрады, олар да түркілердің бір болғанын қалайды. Түркілер одағы құрылып, күшейсе, өздерінің құқын қорғайтынын біледі.

Түркі одағының түркілерге берері көп екенін, біріншіден, өз халқымыз түсінуі тиіс. Одан ешқандай да жамандық келмейді, тек жақсылық қана келеді. Өзгелер де осыны білуі керек».

…Қазақстанмен ұзақ жылдардан бері тығыз қатынаста жұмыс істеп, қазақтармен етене араласып жүрген Оғыз Доған мырза Түркілер одағына қатысты, оның беретін игіліктеріне байланысты осылай дейді. Әрине, бұл тақырып төңірегінде көп айта беруге болады. Ол туралы алдағы уақыттарда да әңгімелер айтыла жатар деп ойлаймыз.

Д. НҰРПЕЙІС, 

"Замана" газеті

Балғынбек Имашев Тоқаевқа маңызды үндеу жолдады
Түркістан: Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті жылдық жұмысын қорытындылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу