Дариға Назарбаева Маминге маңызды сауал жолдады

Oinet.kz 10-02-2021 1570

Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева педагогтер жалақысының төмендігі туралы үкімет басшысы Асқар Маминге сауал жолдады.

Мамин мен Назарбаева.jpg

– Бізді білім саласындағы шешімін таппаған өзекті мәселе – мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қаржыландырылатын жекеменшік балабақшалардағы педагогтер жалақысының төмендігі мазалап отыр. Алдағы екі жыл ішіндегі мемлекеттік тапсырыста мектепке дейінгі жекеменшік мекемелерде педагогтердің жалақысын көтеру қарастырылмаған. Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2020 жылдың 20 қазан күнгі бұйрығымен қаржыландыру әдістемесіне өзгерістер енгізілген, – деді ол.

Оның айтуынша, ресми жалақыға түзету коэффициентін 2020 жылы – 25%, 2021 жылы – 50%, 2022 жылы – 75%, 2023 жылы – 100% мөлшерінде енгізу, педагогтердің еңбек демалысының ұзақтығын 56 күнтізбелік күнге дейін арттыру туралы айтылған. Аталған бұйрық жергілікті жерлерде орындалмай отыр.

– Нәтижесінде, жекеменшік балабақшалардың педагогтері өз еңбегінің адал ақысын ала алмай отыр. Білім туралы заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекеттік тапсырысты бекітеді. Егер де жергілікті бюджетте қаражат тапшы болса, жан басына қаржыландыру тетігін іске асыру үшін республикалық бюджеттен мақсатты ағымдағы трансферттер есебінен шығындарды өтеу қарастырылған.

Қазіргі уақытта әкімдіктер бір балабақша тәрбиеленушісіне жан басына шаққандағы нормативтің мөлшерін ерікті түрде анықтайды. Ал бұл белгіленген нормативтің орташа мөлшерінен едәуір төмен. Нәтижесінде, жекеменшік балабақшалар мен педагогтер тиісті қаржыны ала алмай отыр. Көптеген маман жұмысынан айырылып, мекемелер жабылуда, – деді Назарбаева.

Осылайша Дариға Назарбаева премьер-министр Асқар Маминнен облыстарда мемлекеттік тапырыстың көлемі қалай қалыптасатынын, жеке қаржыландыру аясында бөлінген қаржыны жергілікті әкімдіктер іс жүзінде қайда бөлетінін, жергілікті атқарушы органдардың жеке қаржыландыру көлемін төмендетуге құқығы бар-жоғын сұрады.

Көлгіновтың елорда тұрғындарымен кездесуі барысында ерекше жағдай орын алды (видео)
«Ұйықтай беріңіз» - Мәжіліс төрағасы вице-министрді сынға алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу