«Жанболат Мамай мен Бауыржан Байбек арасындағы сот талқылауына дайындық басталды» - заңгер

Oinet.kz 15-05-2021 1770

Жанболат Мамай мен Инга Иманбай Бауыржан Байбектің талап-арызын талқылауға дайын болмады. Бұл туралы Бауыржан Байбектің өкілі Айжан Тәшенова Facebook-тағы парақшасында жазды.

Бауыржан мен Жанболат.jpg

- Құрметті достар!

Б.Байбектің Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қатысты берген талап арызына сәйкес азаматтық іс бойынша судья Р. Сартаева 2021 жылғы 11 мамырда азаматтық іс қозғау туралы ұйғарым шығарды.

Бүгін онлайн-режимде сот талқылауына дайындық басталды. Айта кету керек, бұл – азаматтық процестің міндетті кезеңі.

Осыған байланысты келесі жәйттерді назарларыңызға ұсынамын.

Біріншіден, сот талап қоюшының, яғни Б.Байбектің талап қоюы кезінде талап арыз беру нысаны мен мазмұны, сондай-ақ талап арызға қоса берілген құжаттар бойынша Азаматтық іс жүргізу кодексінің 148 және 149-баптарының барлық талаптары сақталғанын анықтады. 

Яғни, біз ұсынған материалдарды сот іс қозғау үшін жеткілікті деп таныды. Сондықтан да жекелеген әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың талап арыздың тиісті талаптарға сәйкес келмейді деген уәждері мүлдем негізсіз.

Екіншіден, бүгін сот Ж.Мамай мен И.Иманбаеваны талапкердің тарапына айтылған айыптауларына жазбаша дәлелдер (пікір) ұсынуға міндеттеді.

Бұл ретте, сот нақты құжаттармен расталған пікір ұсынылмаған жағдайда іс қолда бар дәлелдемелер бойынша қаралатынын түсіндірді.

Естеріңізге сала кетейін, біз талап арызда 20-дан астам ресми құжатқа, әкімдік қаулыларына, келісімшарттарға және жауапкерлердің негізсіз мәлімдемелерін жоққа шығаратын өзге де материалдарға сілтеме жасадық.

Осы орайда заңнамаға сәйкес дәлелдердің болмауы жауапкершіліктен босатпайтына назар аудартқым келеді.

Бүгін отырыс барысында белгілі болғандай, жауапкерлер өздері тудырған жағдайдың ауыртпалығын алғаш рет түсініп, бірнеше күн бұрын ғана адвокаттар жалдаған.

Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның адвокаттары талап арызды талқылауға дайын болмауына байланысты талап қоюмен және оған қоса берілетін материалдармен танысуға уақыт беру туралы сотқа өтінішпен жүгінді.

Бұл ретте И.Иманбаеваның адвокаты осыған дейін жария етілген айыптаулар бойынша дәлелдемелер жинау енді ғана басталғанын хабарлады. А.Түсіпованың сотқа жүгінген сөздерін келтіріп өтейін: «Сіз бізге ұсынатын мерзімдер жеткілікті дәлелдер жинау кезінде біздің құқықтарымызға нұқсан келтіреді деп қорқамын».

Осылайша, Ж.Мамай мен И.Иманбаева алдымен Б.Байбекке қатысты жалған айыптаулардан тұратын мәлімдемелерді жария етіп, оларды түрлі бейнематериалдарда қайталап және бірнеше рет тарата отырып, қажетті дәлелдер мен фактілерді іздеуге енді ғана кіріскені аңғарылады.

Үшіншіден, біз құқығымызды пайдалана отырып, Ж.Мамай мен И.Иманбаева айыптауларына тәуелсіз психологиялық-филологиялық сараптама жүргіздік, оның нәтижелерін әлеуметтік желілерде 30 сәуірде жарияладық.(https://drive.google.com/.../1QPd4mUYgQKJyajNN9kXVwuc...).

Ал жауапкерлер отырыс барысында «оның мазмұнымен таныс болмаса да» сараптаманың қорытындыларымен келіспейтінін мәлімдеді.

Төртіншіден, сот процесі қаралатын тілді анықтауға жеке түсініктеме беріп өткім келеді.

Ж.Мамай мен И.Иманбаева 13 сәуірде өздерінің «журналистік зерттеу» деп аталатын материалдарын ОРЫС ТІЛІНДЕ, содан кейін барып оның қазақ тіліне аудармасын жариялағанын ескере отырып, Б.Байбек те орыс тілінде 19 сәуірде жария түрде барлық айыптауларды жоққа шығарды (https://www.youtube.com/channel/UCi6ACkF-ZbYD4NuyIIMMRqw).

Тиісінше, талап арыз орыс тілінде берілді. Сот шешімімен істі жүргізу тілі болып орыс тілі анықталды.

Заңға сәйкес тараптар сот ұсынатын аудармашыға жүгінуге құқылы екенін атап өткім келеді.

Қорыта айтқанда, Ж.Мамай мен И.Иманбаева адвокаттарының өтінішін ескере отырып, сот 17 мамырды істің материалдарымен танысу күні, ал 19 мамырды – қайта отырысты өткізу күні деп белгіледі.

Тағы да естеріңізге сала кетейін, сот – заң үстемдік құратын, тең құқықты екі тараптың ашық тартысы барысында нақты дәлелдерді келтіретін орын екендігін атап өткім келеді. Келесі отырыста жауапкерлер қандай-да бір дәлелдемелер ұсынады немесе дәлелдері жоқ екендігін мойындайды деп үміттенемін.

Сіздерді сот талқылауы барысы туралы әрі қарай да хабардар етіп отырамын - деп жазды заңгер.

Танымал қазақ режиссері Елбасын қатаң сынға алды
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу