Қайрат Боранбаевтың туысы сотталды: Істің мән-жайы

Oinet.kz 26-10-2023 2332

Әбілхан Боранбаев туралы болып отырғанын соттың баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Screenshot_10.jpg

19 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Боранбаевтың лауазымды тұлғаларға пара беру дерегі бойынша (Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігі) және Қ.-ның құқық қорғау органының лауазымды қызметкері бола тұра пара алу дерегі бойынша (Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы) қылмыстық істі қарады.

"Б. аға жедел уәкілі Қ. мен Ш.-ға (тергеу кезінде қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылды) жалпы сомасы 1,6 миллион теңгеден астам пара берген. Өз кезегінде Қ. және Ш., адамдар тобында алдын ала сөз байласу арқылы пара алып, тергеу-қамауға алынған Б.-ны айдауылдау кезінде оған мобильді байланыс, кездесулер, туған күнін алкогольді ішімдіктерді қолданумен тойлау арқылы үшінші тұлғалармен процестік емес байланысқа түсуіне заңсыз мүмкіндік берген", - делінген хабарламада.

Прокурор айыптауды қолдап, сотталушыға Б.-ға 4 жыл 6 ай мерзімге, ал сотталушыға Қ.-ға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қорғаушы тарап Б. және Қ.-ға ҚК-нің 55-бабының 4-бөлігін (төменгі шегінен төмен) қолдана отырып, айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушылардың кінәсі сотталушылардың, куәгерлердің айғақтарымен, банктік мәліметтердің үзінділері, берпе-бет кездестірулер, сараптамалардың қорытындылары, сыртқы бейнекамералардың бейнежазбалары, оқиға болған жерді қарау хаттамасы және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

"Сот Б.-ның 4 жас балаларының болуын, кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға және қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да қатысушыларын әшкерелеуге белсенді ықпал еткенін, ал Қ.-ның 3 жас балаларының болуын, кінәсін мойындауын және шын жүректен өкінуін қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Сотталушылардың қылмыстық жауаптылық пен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ", - делінген хабарламада.

Сот үкімі бойынша, Б. ҚК-нің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Қ. ҚК-нің 366-бабы 3-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Тағы да референдум - тағы да шығын
Сауран ауданының әкімі тағайындалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу