Адам өмірін опасыздықпен қиған содырлар әділ жазасын алуға тиіс - сенатор

Oinet.kz 17-01-2022 904

Бейбіт негізде басталған шерушілердің заңды талаптарын өз пайдасына асырғысы келген лаңкестер ел ортасына лаң салды. Бұл туралы Сенат депутаты Динар Нөкетаева айтты.

Screenshot_2.jpg

«Өкінішті. Бейбіт негізде басталған шерушілердің заңды талаптарын өз пайдасына асырғысы келген лаңкестер, ұры-қарылар ел ортасына лаң салды. Еліміздің Тәуелсіздігінің отыз жылдық тарихына қара дақ түсірді. Бейқам жатқан халықтың арасына дүрбелең салды. Қаншама отбасы ауыр жағдайға душар болды. Жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылардың көлдей болған көз жасы, жалғызын жерлеп аңыраған ата-аналардың қарс айрылған жүрегіне дауа болар қандай ем бар?! Террорлық шабуылдан қираған, өртенген стратегиялық маңызы бар ғимараттар, көліктер, тоналған сауда-саттық орталықтары. Осындай орасан зардап шеккен ел. Бұнын бәрінің орыны толар, бірақ, адам өмірін опасыздықпен қиған содырлар әділ жазасын алуға тиіс», - деді Д. Нөкетаева. 

Оның пайымынша, осы тұрғыда ҚР Бас прокуратурасы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ашық ақпарат деректері бойынша бүгінгі күні заңдық тұрғыдан ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр. 

«Бұқаралық ақпарат құралдары осы оқиғалар туралы бірінші күннен бастап күні-түні барлық ақпараттарды, мәліметтерді ашық түрде беруде. Ең бастысы, тыныштық болсын! Біздің бабаларымыз бастарынан қаншама қиындық кешсе де, небір ауыр замандарды өткізсе де, ел тыныштығын көксеген, басының амандығын тілеген, сондықтан «Ел аман, жұрт тыныш болсын» деген халқымыздың тілегі қабыл болғай! Ел Президенті ел тыныштығын бұзған содырлар мен лаңкестерді тоқтату үшін заңды шаралардың барлығын іске қосты. Қазір тыныштық орнады. Ең бастысы – халқымыздың бірлігі, мемлекетіміздің тұрақтылығы! Тәуелсіздігіміздің тұғырының мықты әрі мызғымас болуы ең қымбат қазына! Президентімізбен, халқымызбен бірге болайық!», - деді сенатор.

Алматыда бүлікшілерге қарсы неліктен оқ атылмағаны белгілі болды
Мектеп мұғалімдері «Қазақстан халқына» қорына ақша аудару керек пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу